
ЕҰУ-да сапа саласында жасанды интеллектіні қолдануға арналған халықаралық студенттік кейс-чемпионат өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің көлік-энергетика факультетінің Стандарттау, сертификаттау және метрология кафедрасы «Өндірістегі сапа мәселелерін шешуде жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбында халықаралық студенттік кейс-чемпионат ұйымдастырды.
Онлайн форматта өткен байқауға Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан 15 студенттік команда қатысты. Жас зерттеушілер мен болашақ мамандар өндірістегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынып, сапаны басқару, деректерді талдау және технологиялық үдерістерді жетілдіру салаларында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін көрсетті.
Чемпионат Quality: Powering Performance ұранымен өтіп, Дүниежүзілік сапа күніне орайластырылды. Қатысушылар заманауи тәсілдер мен технологиялық шешімдерді қажет ететін өндіріс саласындағы нақты мәселелерге назар аударды.
Әр команда таңдалған мәселені таныстырып, оның туындау себептерін талдады және жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, шешу жолдарын ұсынды. Жобалардың практикалық тұрғыдан іске асырылуына, күтілетін тиімділігіне, ықтимал тәуекелдеріне және жасанды интеллект көмегімен алынған нәтижелердің дұрыстығына ерекше назар аударылды.
Жобаларды бағалауды сапа, сәйкестікті бағалау, метрология және өндіріс салаларындағы мамандар мен сарапшылардан құралған қазылар алқасы жүзеге асырды. Қорытынды шығару кезінде мәселені талдау тереңдігі, ұсынылған шешімдердің негізділігі, жасанды интеллект технологияларын қолданудың дұрыстығы, жобаларды іс жүзінде жүзеге асыру мүмкіндігі және күтілетін нәтижелер ескерілді. Сонымен қатар презентация сапасы мен командалардың сарапшылар сұрақтарына дәлелді жауап беру қабілетіне де мән берілді.
Жобалар таныстырылғаннан кейін қазылар алқасының мүшелері кәсіби пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Сарапшылардың кері байланысы қатысушыларға өз жобаларының артықшылықтарын бағалауға, кемшіліктерін анықтауға және ұсынылған шешімдерді одан әрі жетілдіру бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.
