
ЕҰУ төрінде жас айтыскерлер «Қола домбыра» үшін бақ сынады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен «Кітап оқитын ұлт» тақырыбында ІІІ республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысы өтті. Шығармашылық додаға Қазақстанның әр өңірінен 20 жас ақын қатысып, суырыпсалма өнерде бақ сынады.
Айтысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «El Umiti» қоры» корпоративтік қоры және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» бірлесіп ұйымдастырды.
Жас ақындарға сәттілік тілеген Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев айтыстың жас ұрпақтың рухани және шығармашылық әлеуетін дамытудағы маңызын атап өтті.
«2026 жылғы 16 мамырда Президент «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» арнайы Жарлыққа қол қойып, елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы кеңінен жүзеге асырылуда. Кез келген елдің бірлігі мен өркендеуі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеуге байланысты. Айтыс – өнер сайысы ғана емес, жастарымыздың шығармашылық, рухани-мәдени әлеуетін дамытатын маңызды алаң», – деді депутат.
Жоба жетекшісі, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, байқаудың мақсаты – жас ақындардың шығармашылық қабілетін шыңдау, жаңа есімдерді таныту және дарынды оқушыларға қолдау көрсету. Сондай-ақ айтыс арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне үлес қосу көзделді.
«Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: “Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз” деген еді. Айтыскерлердің бүгінгі қозғайтын тақырыбы да осы – “Кітап оқитын ұлт”», – деді ақын.
Байқауға қатысқан жас ақындардың өнерін айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақындар Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын, «El Umiti» қорының өкілі Азамат Оңайбаев бағалады. Қазылар алқасына Ринат Зайытов төрағалық етті.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлде Түркістан облысының өкілі Иманәлі Рахымға бұйырды. Бірінші орынды Алматы қаласынан келген Сыбанқұл Әдемі иеленді. Екінші орын Қостанай облысының ақыны Рагат Нұрислам мен Ұлытау облысының өкілі Егеубай Гүлімге берілді. Ал үшінші орын Шымкент қаласының ақыны Махан Бақдәулетке, Алматы облысынан келген Сәрсенбек Несібеліге және Жамбыл облысының өкілі Мирас Жамалбекке табысталды.
Бұдан бөлек, арнайы номинациялар бойынша Қарағанды облысының ақыны Тоқтамұрат Раушан «Сөз зергері», Шымкент қаласының өкілі Аятулла Мәжид «Тапқыр ақын», Абай мектебінің шәкірті Құдияр Иманжүсіп «Жас талап» атанды. Ал Абай облысынан келген Азамат Серіковке Ринат Зайытовтың атынан Сиязбек атындағы арнайы жүлде табысталды.
