
ЕҰУ мен Гонконг білім беру университеті докторантура саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гонконг білім беру университеті – The Education University of Hong Kong (EdUHK) делегациясын қабылдады. Сапар Астанада өткен халықаралық форумдар аясында жүзеге асырылған ЕҰУ-дың халықаралық бағдарламасы шеңберінде өтті.
Кездесуге зерттеулер және даму жөніндегі вице-президент, психология профессоры Четвин Чан жетекшілік еткен делегация қатысты. ЕҰУ тарапынан Абзал Талтенов пен Білім жоғары мектебінің өкілдері болды.
Тараптар өз университеттерінің білім беру бағдарламаларын таныстырып, академиялық және ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе докторантура бағытына ерекше назар аударылды. Гонконг университетінің өкілдері мектепке дейінгі білім беру және дене шынықтыру салаларында әріптестікті дамытуға қызығушылық танытты. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық ұтқырлықты кеңейту және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ EdUHK өкілдері «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының магистранттарымен кездесті. Қонақтар докторантура бағдарламалары, гранттық мүмкіндіктер және ағылшын тілін оқыту бағыты бойынша Гонконгта білім алу жолдары туралы ақпарат берді. Магистранттар оқуға түсу талаптары, оқу шығындарын қаржыландыру және ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі сұрақтарына жауап алды.
