
ЕҰУ Минск қаласында Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған іс-шарада Қазақстан атынан өкілдік етті

Беларусь Республикасының Минск қаласындағы Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің өмірі, педагогикалық қызметі мен рухани мұрасына арналған «Ағартушы жолы: Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай» атты мәдени-ағартушылық іс-шара өтті.
Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атынан ЕҰУ Қазақ-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры Баубек Сомжүрек қатысты.
Өз сөзінде ол Ыбырай Алтынсариннің Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталып, оның педагогикалық идеяларының бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын және ағартушылық мұрасының қазіргі қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
«Ыбырай Алтынсарин Қазақстандағы білім беру тарихында айрықша орын алады. Оның қызметі ұлттық ағарту жүйесінің қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Ол білімнің қолжетімді болуына, жас ұрпақты тәрбиелеуге және білімді мамандар даярлауға ерекше мән берді. Бұл идеялар бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ және Қазақстанның білім беру саласын дамытуда маңызды бағдар болып қала береді», - деді Баубек Сомжүрек.
Іс-шара мазмұнды мәдени диалог құруға, кәсіби пікір алмасуға және ұлы қазақ ағартушысының мұрасының тарихи маңызын талқылауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ұлттық білім беру дәстүрлерін сақтау және оларды халықаралық деңгейде дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығы Беларусь ұйымдарымен әріптестік байланыстарды нығайту, ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және бірлескен мәдени-ағартушылық бастамаларды қолдау бағытындағы жұмысын жалғастыруда.
