
ЕҰУ-да психология саласындағы AI-зертхана ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай KazAI-Mental Lab зертханасы ашылды. Ол Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің Психология кафедрасы базасында құрылды. Зертханада жасанды интеллектіні психодиагностика мен дағдарыстық психология салаларында қолдану мүмкіндіктері зерттеледі.
KazAI-Mental Lab – Орталық Азияда осы бағыттағы зерттеулерге маманданған алғашқы зертхана.
Зертхананың негізгі міндеттеріне психодиагностика әдістерін жетілдіру, психикалық денсаулық саласында цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ мамандардың ғылыми-зерттеу және практикалық дағдыларын дамыту кіреді.
Жаңа зертхана Қазақстан жастары арасындағы күйзеліс пен депрессия деңгейін төмендетуге бағытталған ғылыми жоба аясында құрылды. Жобаға ЕҰУ Психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мәмбеталина жетекшілік етеді.
Зертхананың ашылу рәсімінде ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев жасанды интеллектіні қоғамның барлық саласына енгізудің маңыздылығына тоқталып, зертхананың алдағы даму бағыттарын атап өтті.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу қажет. Бұл зертхананың ашылуы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Алдағы уақытта жобаны Қазақстанның жоғары оқу орындарына ғана емес, Орталық Азия елдеріне де таныстырып, оны тәжірибеде қолдану аясын кеңейту керек. Әрбір жоба экономикаға пайда әкеліп, еңбек нарығында сұранысқа ие болуы маңызды. Бұл бастама оқытушылар мен студенттерге ғана емес, жалпы қоғамға да пайдасын тигізетініне сенімдімін», – деді проректор.
Ал Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, «Әділет» партиясы әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова зертхананың психологиялық көмек көрсету жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұнда диагностикамен қатар психологиялық қызметтің өзге де бағыттарын дамытуға жағдай жасалады. Депутат мамандармен алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге және ортақ жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Жаңа зертхананың жұмысы психология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға, жасанды интеллект технологияларын мамандар тәжірибесіне енгізуге, сондай-ақ халыққа көрсетілетін психологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
