
ЕҰУ мен Қашғар университеті ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Қытай Халық Республикасының Қашғар университетінің делегациясы жұмыс сапарымен келді.
Кездесуге екі жоғары оқу орнының басшылығы, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері мен профессор-оқытушылар қатысты. Тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ оқытушылар мен білім алушылар алмасуын жолға қою мәселелерін талқылады.
ЕҰУ өкілдері қонақтарды университеттің білім беру және ғылыми әлеуетімен, халықаралық байланыстарымен, зерттеу инфрақұрылымымен және шетелдік серіктестермен жүзеге асырып жатқан жобаларымен таныстырды.
«Қазіргі таңда ЕҰУ Қытайдың 29 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан.Алдағы уақытта академиялық ұтқырлықты дамытып, оқытушылар мен студенттер алмасуын жандандыруға, бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға мүдделіміз. Бүгінгі кездесу нақты бастамаларға негіз болып, екі университет арасындағы ұзақмерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастыққа жол ашады деп сенемін», – деді ЕҰУ халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығы оталығының директоры Аида Жағыпарова.
Өз кезегінде Қашғар университеті құрылыс инженерия мектебінің деканы Ма Цзе оқу орны қызметінің негізгі бағыттары мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған бастамалары туралы баяндады.
«Бүгінгі кездесу барысында университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарындағы жетістіктерімен танысып, өзара ынтымақтастықтың мол мүмкіндігі бар екеніне көз жеткіздік. Біз студенттер мен оқытушылар алмасуын жолға қоюға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және академиялық байланыстарды нығайтуға дайынбыз», – деді Ма Цзе.
Кездесу барысында перспективалы бағыттар бойынша бірлескен жобаларды қолға алу мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен қатар халықаралық конференциялар мен ғылыми семинарлар ұйымдастыру, ортақ жарияланымдар әзірлеу және жас ғалымдардың байланысын нығайту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Тараптар Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті дамыту екі елдің ғылыми-білім беру және мәдени байланыстарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастықты жүйелі түрде жалғастыруға және талқыланған бастамаларды нақты жобалар арқылы жүзеге асыруға уағдаласты.
