
Шетелдік профессорлар ЕҰУ-да ағылшын тілінде білім беруді дамытуға үлес қосуда

2026–2027 оқу жылында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Экономика және туризм жоғары мектебіне қарасты «Туризм» кафедрасында Сербия, Түркия, Пәкістан және Мажарстан университеттері мен ғылыми орталықтарынан шақырылған алты шетелдік оқытушы қызмет атқарады. Олар бакалавриат пен магистратурада, сондай-ақ бірінші курс студенттеріне арналған жалпыуниверситеттік пәндер бойынша сабақтарды ағылшын тілінде жүргізеді.
Кафедра шетелдік әріптестерді ағылшын тілінде оқытуды дамыту, білім беру бағдарламаларының халықаралық құрамдасын күшейту, студенттерге заманауи ғылыми-зерттеу әдістері мен академиялық жазылым дағдыларын меңгерту, оқыту мен ғылыми зерттеулерді ұштастыру, бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеу және диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысу мақсатында тартады.
Шетелдік профессорларды шақыру үш негізгі мақсатқа қол жеткізуге бағытталған: ЕҰУ-дың халықаралық беделін арттыру, кафедраның білім беру бағдарламаларының сапасын жақсарту және студенттердің кәсіби әрі ғылыми даярлығын жетілдіру. 2026–2027 оқу жылына арналған оқу жүктемесінің жоспарларына сәйкес олардың сабақтарына бакалавриат пен магистратураның шамамен 400 білім алушысы қатысады.
Шетелдік профессорлардың қатысуы ЕҰУ-дың халықаралық академиялық беделін нығайтады. Шетелдік оқытушылардың үлесі QS сияқты халықаралық рейтингтерде, сондай-ақ аккредиттеу рәсімдерінде ескеріледі. Р. Лоди, С. Гюнай және Г. Дайк «Академиялық жазылым» және «Ғылыми зерттеу әдістері» жалпыуниверситеттік пәндерін ағылшын тілінде жүргізеді. Бұл пәндерді әртүрлі факультеттердің 400-ден астам бірінші курс студенті меңгереді. Демек, аталған ынтымақтастықтың нәтижесі бір кафедрамен шектелмей, бүкіл университетке ықпал етеді. ЕҰУ Хабаршысында қазақстандық бірлескен авторлардың қатысуынсыз шетелдік әріптестердің жарияланымдарының жарық көруі де маңызды. Мұндай жарияланымдар журнал авторларының географиялық ауқымын кеңейтеді; бұл Scopus және Web of Science дерекқорларына журналдарды іріктеу кезінде ескерілетін өлшемдердің бірі. Сонымен қатар шақырылған профессорлар арқылы университет Сербия ғылым және өнер академиясымен, Пенджаб университетімен, Анадолу университетімен және Дебрецен университетімен академиялық байланыстар орнатады. Бұл байланыстар академиялық ұтқырлықты дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз бола алады.
Шетелдік профессорларды тарту кафедраның ғылыми-зерттеу қызметін жандандырады: бірлескен мақалалар жариялауға, диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысуға және докторанттарға ғылыми кеңес беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Erasmus+ және Horizon Europe халықаралық жобаларына қатысуға жол ашады. Тәжірибе алмасудың да маңызы зор: кафедра оқытушылары Еуропа мен Азия жоғары оқу орындарында қалыптасқан оқыту, ғылыми зерттеу жүргізу және нәтижелерді жариялау тәсілдерімен танысады.
Білім алушылар халықаралық академиялық ортада ағылшын тілінде білім алып, салалық кәсіби терминологияны меңгеруге мүмкіндік алады. Бірінші курс студенттері Еуропа мен Азия университеттерінде осындай тренингтер өткізетін мамандардан ғылыми мәтін жазуды және ақпарат көздерімен жұмыс істеуді үйренеді. Магистранттар заманауи зерттеулер мен халықаралық тәжірибелік мысалдар негізінде тұрақты даму, инновациялар, бәсекеге қабілеттілік және қонақжайлылық саласындағы персоналды басқару мәселелерін зерделейді. Сонымен қатар олар ғылыми зерттеу әдістерін игеріп, алғашқы ғылыми жарияланымдарын дайындайды. «Туризм» және «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» білім беру бағдарламаларының бакалавриат студенттері қонақүй және мейрамхана сервисі бойынша тәжірибеге бағдарланған пәндерді оқып, тәжірибелі оқытушы-практиктің жетекшілігімен өндірістік практикадан өтеді. Шетелдік профессорлармен кәсіби қарым-қатынас орнату студенттерге халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге, ұсынымхаттар алуға, конференцияларға қатысуға, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына, сондай-ақ шетелдік магистратура мен докторантураға түсуге мүмкіндік береді.
Шақырылған профессорлар және олар жүргізетін пәндер төмендегі кестеде көрсетілген.
|
Оқытушы |
Негізгі жұмыс орны |
ЕҰУ-да жүргізетін пәндері, 2026–2027 оқу жылы |
Білім деңгейі |
|
Тамара Гаич (Tamara Gajić), PhD, профессор |
СҒӨА-ның «Йован Цвиич» география институты, Белград; «Бизнес-академия» университеті, Нови-Сад (Сербия) |
Туристік өнімнің бәсекеге қабілеттілігі; Қонақжайлылық саласындағы инновациялар және кәсіпкерлік |
Магистратура (7M11105 Туризм, 7M11107 РДиГБ) |
|
Дуня Демирович Байрами (Dunja Demirović Bajrami), PhD, профессор |
СҒӨА-ның «Йован Цвиич» география институты, Белград (Сербия) |
Қонақүй кәсіпорнындағы адам ресурстарын басқару; Туризмнің тұрақты дамуының концептологиясы |
Магистратура (7M11107 РДиГБ, 7M11105 Туризм) |
|
Раб Наваз Лоди (Rab Nawaz Lodhi), PhD, профессор |
Hailey College of Commerce, Пенджаб университеті, Лахор (Пәкістан) |
Академиялық жазылым |
Бакалавриат, 1-курс, 125 студент |
|
Семра Гюнай (Semra Günay), PhD, профессор |
Туризм факультеті, Анадолу университеті, Эскишехир (Түркия) — нақтылау қажет |
Академиялық жазылым |
Бакалавриат, 1-курс, 121 студент |
|
Гарет Джон Дайк (Gareth John Dyke), PhD, профессор |
Дебрецен университеті (Мажарстан); Sci-Train |
Ғылыми зерттеу әдістері |
Бакалавриат, 1-курс, 164 студент |
|
Софиан Ашор, магистр, аға оқытушы-практик |
Rixos President Astana Hotel |
Туризмде тамақтандыруды ұйымдастыру; Қонақжайлылық индустриясындағы әлеуметтік-мәдени сервис; Туристік кәсіпорындардың қызметін стратегиялық жоспарлау; Қонақжайлылық индустриясы кәсіпорындарының қызметін болжау; Қонақүй және мейрамхана сервисі; Өндірістік практика |
Бакалавриат (6B11105 Туризм, 6B11107 РДиГБ), 1–4-курстар |
Тамара Гаич
Тамара Гаич — Сербия ғылым және өнер академиясының (СҒӨА) «Йован Цвиич» география институтының аға ғылыми қызметкері және Нови-Сад қаласындағы EDUKA ұйымдық зерттеулер факультетінің толық профессоры. Сонымен қатар ол Женевадағы Swiss School of Business and Management докторантура бағдарламалары бойынша жұмыс істейді және Мәскеудегі Ресей халықтар достығы университетімен (РУДН) ынтымақтасады.
Ғылыми қызығушылықтары: тұрақты туризм, туристік дестинациялардың бәсекеге қабілеттілігі, ауылдық және гастрономиялық туризм, қонақжайлылық саласындағы инновациялар, туризмде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану. Түйіндемесінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес, Хирш индексі Google Scholar жүйесінде — 35, Scopus дерекқорында — 20, Web of Science дерекқорында — 18; Google Scholar жүйесіндегі дәйексөздер саны 5 000-нан асады.
Ол Erasmus+ (GreenVET), Horizon Europe (WiseFood, IPMorama, AIR2FOOD, TROOST, ClimAurea) және COST Action CA22155 жобаларына қатысады. ЕҰУ-дың диссертациялық кеңестерінің жұмысына атсалысады, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантына шетелдік ғылыми кеңесші болып табылады.
Дуня Демирович Байрами
Дуня Демирович Байрами — Белград қаласындағы СҒӨА-ның «Йован Цвиич» география институты әлеуметтік география бөлімінің аға ғылыми қызметкері. Оның зерттеулері ауылдық туризмге және туристердің уәждемесіне, туризмдегі гастрономияға, мәдени мұраны цифрлық құралдар арқылы түсіндіруге, сондай-ақ қонақүй индустриясындағы кадрлық мәселелерге арналған.
Соңғы ғылыми еңбектерінің қатарында цифрлық құралдардың мәдени мұра нысандарына келушілер тәжірибесіне ықпалын зерттеген, 2025 жылы Geojournal of Tourism and Geosites журналында жарияланған жұмысы бар. Т. Гаичпен және РУДН-дағы әріптестерімен бірлескен ғылыми еңбектерді тұрақты түрде жариялап отырады.
Раб Наваз Лоди
Раб Наваз Лоди — Пенджаб университетінің Hailey College of Commerce колледжінің қауымдастырылған профессоры (Associate Professor), басқару саласындағы PhD дәрежесінің иегері (Исламабад қаласындағы Бахрия университеті). 2020–2022 жылдары АҚШ-тағы Оңтүстік Флорида университетінде шақырылған зерттеуші болып жұмыс істеген, Journal of Hospitality and Tourism Technology (Emerald) журналының шақырылған редакторы қызметін атқарған.
Ол — QSR International ұйымының NVivo бағдарламасы бойынша сертификатталған халықаралық тренері, сапалық және сандық зерттеу әдістерінің маманы. Бұған дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарында, соның ішінде Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде курстар мен семинарлар өткізген.
Семра Гюнай
Профессор Семра Гюнай — географ, Түркиядағы Анадолу университетінің туризм факультетінде сабақ береді. Ол Worldwide Hospitality and Tourism Themes (Emerald, 2024) журналының арнайы шығарылымында тақырыптық редактор қызметін атқарған. Ғылыми қызметінің бағыттары — туризмдегі геоақпараттық жүйелер, туристік білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу.
Гарет Джон Дайк
Гарет Дайк — палеонтолог және ғылыми жарияланымдар саласының маманы, Nature және Science журналдарындағы еңбектерін қоса алғанда, 300-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Ол University College Dublin, Саутгемптон университеті және Дебрецен университетінде қызмет атқарған, көптеген жыл бойы Historical Biology (Taylor & Francis) журналының бас редакторы болған.
Оның Қазақстанмен ғылыми байланысы Арал маңының бор дәуіріндегі фаунасына жүргізілген көпжылдық далалық зерттеулермен байланысты. Қазіргі уақытта ол Sci-Train ұйымының тең құрылтайшысы әрі академиялық директоры. Еуропа мен Азияда, оның ішінде Қарағанды университетінің докторанттарына академиялық жазылым және ғылыми мақалаларды жариялау бойынша тренингтер өткізеді.
Софиан Ашор
Софиан Ашор — магистр, аға оқытушы-практик. Ол туризм және мейрамхана-қонақүй бизнесі бағыттары бойынша бакалавриаттың алты пәнін ағылшын тілінде жүргізеді, сондай-ақ өндірістік практикаға жетекшілік етеді.
