
ЕҰУ-да Зауытбек Тұрысбековпен кездесуде ел тарихы мен дипломатия мәселелері сөз болды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Зауытбек Тұрысбековпен кездесу өтті. Жиынға факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
Кездесуді ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсембай ашып, Зауытбек Тұрысбековтің мемлекеттік басқару мен дипломатия салаларындағы қызметіне тоқталды. Әсіресе шетелдегі қандастардың тарихи Отанына оралуына қосқан үлесін атап, өмір жолының жастар үшін өнеге екенін жеткізді.
«Зауытбек Тұрысбеков – еліміздің мемлекеттік басқару және дипломатия салаларында еңбек сіңірген тұлғалардың бірі. Оның өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі жас ұрпаққа үлгі. Әсіресе шетелдегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына қосқан үлесі ерекше атап өтуге лайық. Осындай тұлғалармен кездесулер жастардың ел тарихы мен мемлекет дамуына үлес қосқан азаматтар туралы танымын кеңейтеді», – деді проректор.
Сондай-ақ кездесуде ЕҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен Зауытбек Тұрысбековке мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін университеттің «Күлтегін» медалі табысталды.
Кездесу барысында профессор мемлекеттік қызметке араласқан алғашқы жылдарындағы қиындықтарды, сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және ел басқару саласындағы тәжірибесін баяндады.
«Мемлекеттік қызметке араласқан алғашқы жылдар оңай болған жоқ. Ол кезеңде елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай күрделі еді. Жұмыс орындары мен тұрақты табыс мәселесі өзекті болды. Соған қарамастан, елдің дамуы жолында жауапкершілікпен еңбек етуге тура келді», – деді дипломат.
Кездесу соңында қатысушыларға Жұмабек Тәшенов туралы «Кісендеулі жолбарыс» деректі фильмі көрсетілді. Фильмнің идеясын Зауытбек Тұрысбеков ұсынған. Туындыда қайраткердің ел тарихындағы орны мен Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтауға қосқан үлесі баяндалады.
