
ЕҰУ студенттері Қытайда өткен байқауда бас жүлдеге ие болды

Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті Қытай филологиясы кафедрасының «Шетел филологиясы: қытай тілі» білім беру бағдаламасының студенттері Аяулым Миллат, Перизат Есенгелди, Айғаным Аспандиярова ҚХР Шанхай қаласындағы Шанхай университетінде өткен «Он жылдық бірлік – поэзияның мәңгілік үні» атты X дүниежүзілік Қытай поэзиясын мәнерлеп оқу байқауының финалында Бас жүлдеге ие болды.
ҚХР Білім министрлігі жанындағы Қытайдың үздік дәстүрлі мәдениетін мұраға қалдыру базасы (Шанхай университетінің қытайдың классикалық поэзиясын мәнерлеп оқу және шығармашылықпен жазу орталығы) ұйымдастырған байқаудың финалдық кезеңі Шанхай қаласындағы Шанхай университетінде өтті. Білім мен өнердің осы аталған додасына Қытайдың және шет елдердің ЖОО командалары қатысты.
Байқауда қытайлық және шетелдік білім алушылар қытайдың классикалық поэзиясын мәнерлеп оқуда өз өнерлері мен білімдерін көрсетті. ЕҰУ студенттері «古韵秦风» («Ежелгі Цинь әуендері») атты мәнерлеп оқу шығармасын ұсынды. Сарапшылардың шешімімен шығарма үздіктер қатарынан көрініп, команда шетелдік қатысушылар ішінен бас жүлдеге ие болып, құрмет грамотасын алды. Құрмет грамотасын Қытай поэзиясы қауымдастығы мен Қытай дәстүрлі поэтика қоғамы тарапынан тағайындалды.
