
ЕҰУ жас өнерпаздарды бір сахнада тоғыстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен университет жанындағы «Шаңырақ» халықтық театрының ұйымдастыруымен V республикалық «ҮМІТ» студенттік театр фестивалі өтті. Фестивальге еліміздің әр өңірінен 20 студенттік театр ұжымы мен 350-ге жуық студент қатысты.
Ашылу салтанаты Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтті. Фестивальдің ашылуында ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсембай қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, ғылым мен өнерді қатар алып жүрудің маңызын атап өтті.
«Ғылым мен білімді өнермен ұштастыра білген жастардың әлеуеті зор. Актер де, режиссер де болыңыздар. Ең бастысы – қоғамға пайдасын тигізіп, ел дамуына үлес қосатын тұлға болып қалыптасыңыздар. Бүгінгі фестивальге үлкен мақсат пен жігер арқалап келген әрқайсыңыз жеңіске лайықсыздар!» – деді Ардақ Бейсембай.
ЕҰУ ректорының кеңесшісі Ғалымжан Мелдешов университет пен «Шаңырақ» театры үшін биылғы жылдың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Биыл Еуразия ұлттық университетінің құрылғанына 30 жыл, ал «Шаңырақ» халықтық театрының тарихына 15 жыл толып отыр.
«Бүгінгі фестивальге еліміздің әр өңірінен 300 студенттің жиналуы – үлкен қуаныш. Өнер додасында жұлдыздарыңыз жанып, шығармашылық жолдарыңызда биік белестерді бағындыра беріңіздер!» – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Үш күнге созылған фестиваль аясында қатысушылар үш бағыт бойынша өнер көрсетті: әуесқой студенттік театрлар, кәсіби білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің театр ұжымдары және моноспектакльдер. Қойылымдар комедия және еркін жанрларда ұсынылып, әр ұжым жастар арасындағы өзекті мәселелерді сахна тілімен жеткізді.
Марапаттау рәсімінде ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы фестивальдің жастар шығармашылығын дамытудағы маңызын атап өтті.
«Үш күн бойы сіздер шығармашылық пен өнер әлеміне еніп, жаңа достар тауып, тың идеялармен бөлістіңіздер. Университеттің шығармашылық ұжымдары жастардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Фестиваль қатысушыларына алдағы шығармашылық жолында табыс тілеймін», – деді проректор.
Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер төмендегідей марапаттарға ие болды.
«Әуесқой студенттік театрлар» аталымы
Комедия жанры:
I орын – Нархоз университетінің «Жасырын» театры («Адал қызметшілер» спектаклі);
II орын – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Думан» театры («Бейкүнә бейтаныстар» спектаклі);
III орын – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Қағанат» театры («Төркүнем» спектаклі);
«Үздік ер адам рөлі» – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Біз» театрының артисі Өмірәлі Кенжеғали («117 пәтер» спектаклі);
«Үздік әйел адам рөлі» – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Өнер жастан» театрының артисі Сара Қыдыр («Чемодан» спектаклі).
Еркін жанр:
Жеңімпаз – Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Кемал» театры;
«Бағжан Елтай атындағы арнайы жүлде» – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Жауқазын» театрының артисі Айымжан Пернебай
Азаматтық авиация академиясының «Шабыт» театрының артисі Нұрислам Дүйсенов
К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті Тілектес Мейрамов шеберханасының артисі Мирас Рахимов.
«Кәсіби студенттік театрлар» аталымы (комедия жанры)
«Үздік қойылым» – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Өркен» театры («Шыбын ғұмыр» спектаклі);
«Үздік ер адам рөлі» – М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Мұрагер» театрының артисі Ернат Байжан («Құтаяқ» спектаклі);
«Үздік әйел адам рөлі» – К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «АИ» шеберханасының артисі Баян Зарипова («Маска. Ескерткіш» спектаклі).
«Моноспектакль» аталымы
Жеңімпаз – М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Мұрагер» театрының артисі Мержан Бейбітұлы («Тегімді менің сұрама» қойылымы).
Фестивальдің қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Нұркен Өтеуілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, режиссерлер, театр сыншылары, актерлер мен театр саласының мамандары болды. Қазылар алқасының мүшелеріне фестивальді бағалауға қосқан үлесі үшін ЕҰУ ректоры атынан алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, «ҮМІТ» студенттік театр фестивалі 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұған дейінгі жылдары С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Ақжелкен» театры (2019, 2024), М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Мұрагер» театры (2022) және Шәкәрім университетінің «Қарагөз» театры (2025) жеңімпаз атанған.
Биылғы фестиваль ЕҰУ-дің 30 жылдығы мен «Шаңырақ» халықтық театрының 15 жылдығына арналды. Жоба студенттердің театр өнеріне қызығушылығын арттыруды, шығармашыл жастарды қолдауды және еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланысты нығайтуды көздейді.
