
ЕҰУ-да жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу мәселесі талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің №5 Студенттер үйіндегі кинозалда ЕҰУ Психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – білім алушыларға есірткінің адам денсаулығы мен өміріне тигізетін зардабы туралы түсіндіру, зиянды әдеттерден сақтануға шақыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жиынды ЕҰУ Студенттік және қызметтік тұрғын үй департаментінің директоры Азамат Жұматаев құттықтау сөз сөйлеп ашты. Семинар барысында Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің хатшысы Сейтқали Мирзада, қалалық психологиялық денсаулық орталығының дәрігер-наркологі Тоқтар Қойшыбеков есірткі заттарын қолданудың медициналық, психологиялық және әлеуметтік салдарына тоқталды. Сонымен қатар тәуелділіктің алғашқы белгілері, оның алдын алу жолдары және көмекке жүгіну тетіктері туралы ақпарат берілді. Жастарға есірткіні сақтау мен таратудың заң алдындағы жауапкершілігі де түсіндірілді.
«Есірткіге тәуелділіктің алдын алу тек медицина немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – отбасы, білім беру ұйымы және бүкіл қоғам бірлесе атқаратын жұмыс. Жастар күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарап, кез келген шешімнің салдарын бағалай білуі керек. Егер адам өзінің немесе досының мінез-құлқынан алаңдатарлық өзгерістерді байқаса, мәселені жасырмай, дер кезінде психологке немесе медицина маманына жүгінгені жөн. Уақтылы көрсетілген қолдау мен дұрыс ақпарат талай жасты қауіпті қадамнан сақтайды», – деді Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің хатшысы Сейтқали Мирзада.
Кездесуде әлеуметтік орта мен достардың ықпалына қарсы тұру, саналы шешім қабылдау, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және психологиялық саулықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасты.
ЕҰУ Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Самал Тоғым мұндай түсіндіру іс-шаралары жастардың құқықтық және медициналық сауатын арттыруға, олардың бойында зиянды әдеттерге қарсы берік ұстаным қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Семинар барысында есірткіге тәуелділіктің адам денсаулығына ғана емес, оның отбасына, оқуына және болашағына да ауыр зардап әкелетінін студент-жастар тереңірек түсінді деп ойлаймын. Әсіресе, қауіпті ұсыныстарға қарсы тұру, дұрыс шешім қабылдау және қиын жағдайда мамандардан көмек сұрау туралы кеңестер пайдалы болды. Мұндай кездесулер жастардың жауапкершілігін арттырып, салауатты өмір салтын таңдауға ықпал етеді», – деді психолог.
Семинар соңында қатысушыларға алдын алу бағытындағы ақпараттық кеңестер берілді.
