
ЕҰУ жас өнерпаздарды бір сахнада тоғыстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен университет жанындағы «Шаңырақ» халықтық театрының ұйымдастыруымен V республикалық «ҮМІТ» студенттік театр фестивалі басталды. Ашылу салтанаты Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтіп, оған еліміздің әр өңірінен келген 20 студенттік театр ұжымының 300-ге жуық өкілі қатысты.
Фестивальдің ашылу салтанатында ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсембай қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, ғылым мен өнерді қатар алып жүрудің маңызын атап өтті.
«Ғылым мен білімді өнермен ұштастыра білген жастардың әлеуеті зор. Актер де, режиссер де болыңыздар. Ең бастысы – қоғамға пайдасын тигізіп, ел дамуына үлес қосатын тұлға болып қалыптасыңыздар. Бүгінгі фестивальге үлкен мақсат пен жігер арқалап келген әрқайсыңыз жеңіске лайықсыздар!» – деді Ардақ Бейсембай.
Өз кезегінде ЕҰУ ректорының кеңесшісі Ғалымжан Мелдешов университет пен «Шаңырақ» театры үшін биылғы жылдың маңызын атап өтті. Биыл Еуразия ұлттық университетінің құрылғанына 30 жыл, ал «Шаңырақ» халықтық театрының тарихына 15 жыл толып отыр.
«Бүгінгі фестивальге еліміздің әр өңірінен 300 студенттің жиналуы – үлкен қуаныш. Өнер додасында жұлдыздарыңыз жанып, шығармашылық жолдарыңызда биік белестерді бағындыра беріңіздер!» – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестиваль аясында қатысушылар үш номинация бойынша бақ сынайды: әуесқой студенттік театрлар, кәсіби білім алатын студенттердің театр ұжымдары және моноспектакльдер. Әр ұжым жастар арасындағы өзекті мәселелерді қозғайтын, ұзақтығы 50 минутқа дейінгі қойылым ұсынады.
Байқау 19–20 қараша аралығында өтеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 қарашада ЕҰУ-да ұйымдастырылады.
«ҮМІТ» фестивалі студенттердің театр өнеріне қызығушылығын арттырып, шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған. 2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жоба еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланысты нығайтып, студенттік театр ұжымдарына өз қойылымдарын көпшілікке ұсынуға және тәжірибе алмасуға жол ашып келеді.
