
ЕҰУ-да мемлекеттік активтерді басқаруды жетілдіру мәселелері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік мүлік саласын реттеу және мемлекеттік активтерді басқаруды жетілдіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысып, осы саладағы заңнаманы жетілдірудің өзекті бағыттарын талқылады.
Дөңгелек үстелді ашқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мемлекеттік активтерді басқару саласындағы заңнаманы жетілдіруде мемлекеттік органдар мен ғылыми қауымдастықтың бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекеттік мүлікті басқару жүйесін жетілдіру тиімділік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарына негізделуі қажет. Бұл бағыттағы заңнамалық өзгерістер Құрылтай, Үкімет, мемлекеттік органдар, университеттер мен сарапшылар қауымдастығының өзара ықпалдастығын талап етеді. Сонымен қатар ғалымдарды нормативтік-құқықтық актілер жобаларына сараптама жүргізуге және қабылданатын шешімдердің тиімділігін бағалауға кеңінен тарту маңызды», - деді ректор.
Бұдан кейін Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, заң жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Илья Теренченко мемлекеттік мүлікті басқаруды жетілдірудің өзекті мәселелері мен негізгі бағыттарын таныстырды. Оның баяндамасы дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбына арналған заңнамалық өзгерістер мен оларды іске асыру тетіктеріне арналды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мемлекеттік мүлік саласын реттеу және мемлекеттік активтерді басқаруды жетілдіру мәселелері бойынша баяндама жасады. Ал Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков комитеттің 2026 жылғы он айдағы қызметінің қорытындыларына тоқталды.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасылов мемлекеттік мүлікті құқықтық реттеу мен мемлекеттік активтерді басқаруды жетілдірудің тұжырымдамалық тәсілдері және заңнамалық шешімдері туралы баяндады. Ғалым мемлекеттік активтерді басқаруда экономикалық тиімділікпен қатар, әрбір шешімнің құқықтық негізі, жауапты субъектілердің құзыреті мен міндеттері нақты белгіленуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік мүлік пен мемлекеттік актив ұғымдарының айырмашылығын түсіндіріп, шаруашылық жүргізу және жедел басқару құқықтарын реттеу, цифрлық активтердің құқықтық мәртебесін айқындау мәселелеріне тоқталды.
Дөңгелек үстелдің қорытынды бөлімінде қатысушылар сұрақ-жауап форматында пікір алмасып, мемлекеттік мүлік саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсынымдар жобасын талқылады.
