
ЕҰУ студенттері республикалық байқауда жүлделі орын иеленді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Экономика және туризм жоғары мектебінің «Менеджмент» білім беру бағдарламасының студенттері Амиш Ардах пен Әндір Дидар студенттік жобалар мен зерттеулердің «Жаса, батылдық таныт, жеңіске жет!» республикалық байқауында жүлделі III орын иеленді.
Қазақстан Республикасы Банктер қауымдастығы ұйымдастырған байқаудың финалдық кезеңі Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) базасында өтті. Білім додасына еліміздің әр өңіріндегі 36 жоғары оқу орнының командалары қатысты.
Байқауда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, финтех әзірлемелері және қаржы саласындағы цифрлық шешімдер бағыттары бойынша студенттік жобалар ұсынылды.
ЕҰУ студенттері «Банк клиенттерін онлайн-алаяқтықтан қорғаудың цифрлық жүйесі» атты жобасын таныстырды. Сарапшылардың шешімімен жоба үздіктер қатарынан көрініп, команда III дәрежелі дипломмен және 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар ЕҰУ командасы байқаудағы алты негізгі аталымның ішінен «Серпінді технологиялық идея» және «Ең үздік жетілдірілген жұмыс» номинацияларын жеңіп алды. Жүлдегерлерге ҚР Банктер қауымдастығы мен екінші деңгейлі банктердің арнайы сыйлықтары, қатысуды растайтын сертификаттар табысталды. Ал «Ең үздік жетілдірілген жұмыс» номинациясы бойынша Қазақстан қор биржасының (KASE) арнайы сыйлықтары мен ақылы тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін сертификат берілді.
Бүгін ЕҰУ Басқарма мүшесі – ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Нұрбек Сапарходжаев байқау жеңімпаздары мен олардың ғылыми жетекшісі Еркежан Молдакенованы арнайы қабылдап, жетістіктерімен құттықтады. Проректор студенттердің инновациялық бастамасына жоғары баға беріп, бұл жеңіс университет жастарының ғылыми ізденісі мен кәсіби әлеуетінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ оларға алдағы жобаларына табыс тілеп, жаңа белестерді бағындыруға шақырды.
Айта кетейік, Амиш Ардах пен Әндір Дидар республикалық байқауға жолдама беретін университетішілік іріктеу кезеңінде 19 жобаның арасынан бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Студенттерді және олардың ғылыми жетекшісі Молдакенова Еркежан Көксегенқызын жоғары жетістігімен құттықтаймыз!
