
ЕҰУ Бішкектегі халықаралық конференцияда ағылшын тілі мұғалімдерін үш деңгейлі даярлау тәжірибесімен бөлісті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен «Career Development of English Language Teachers in Central Asia» халықаралық конференциясында ағылшын тілі мұғалімдерін даярлаудың үш деңгейлі жүйесін іске асыру тәжірибесін таныстырды.
Халықаралық конференцияда ЕҰУ атынан университет жобасының жетекшісі, Білім жоғары мектебі Шетел тілдерінің теориясы мен тәжірибесі кафедрасының меңгерушісі Жанаргүл Бейсембаева сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында университеттің болашақ ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау бағытындағы тәжірибесімен бөлісіп, педагогикалық білім беруді жетілдіру және оқытушылардың кәсіби қалыптасуын қамтамасыз ету жолдарын атап өтті.
Конференция Британ Кеңесінің «Accelerating English Language Teaching and Learning in Central Asia (AELLCA)» («Орталық Азияда ағылшын тілін оқыту мен үйренуді жеделдету») жобасы аясында серіктес университеттердің бастамасымен ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі тақырыбы ағылшын тілі мұғалімдерінің еңбек жолындағы кәсіби дамуы мен үздіксіз кәсіби жетілуі – жас мамандардан бастап тәжірибелі педагогтерге дейінгі кәсіби өсу мәселелеріне арналды.
Іс-шара Ұлыбритания, Оңтүстік Африка Республикасы, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан өкілдерінің басын қосты. ЕҰУ үшін конференцияға қатысу халықаралық академиялық әріптестікті дамыту және педагогикалық білім беру саласындағы озық тәжірибелермен алмасу бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болды.
Айта кету керек, серіктес университеттер Британ Кеңесінің қолдауымен бірлескен үшінші жобаны жүзеге асырып келеді. Ал бұл кездесу ынтымақтастық аясындағы бесінші ірі халықаралық конференция болды. Әр жылдары конференция Линкольн университетінде (Ұлыбритания), ЕҰУ-де, Байішев университетінде (Қазақстан), Үргеніш мемлекеттік университетінде (Өзбекстан) және Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінде (Қырғызстан) өткізілді.
Конференция бағдарламасы педагогикалық білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарын (PRESETT) және оқытушылардың үздіксіз кәсіби дамуын (CPD) қамтыды.
Кәсіби пікірталастар барысында ағылшын тілі мұғалімдерін үш деңгейлі даярлау жүйесін іске асыру, педагогтердің біліктілігін арттыруда Lesson Study әдісін қолдану, ауыл мектептерінің мұғалімдерін қолдау және білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайында жас оқытушылардың көшбасшылық әлеуетін дамыту мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар қатысушылар көру қабілеті бұзылған студенттерге лексиканы оқытудың практикалық шешімдерін ұсынып, жеке тьюторлық сүйемелдеудің маңызын және жас педагогтерге грамматиканы оқыту әдістемесін меңгеру барысында тәлімгерлік қолдау көрсетудің ерекшеліктерін талқылады.
Конференция аясында тәлімгерлік мәдениетін дамыту мен педагогикалық білім беруді жетілдіруге арналған пленарлық баяндамалар және халықаралық сарапшылардың қатысуымен панельдік пікірталас өтті. Бағдарламаның практикалық бөлімінде тиімді кері байланыс орнату және оқытудың әмбебап дизайны (UDL) қағидаттарына негізделген заманауи бағалау тәсілдері бойынша интерактивті сабақтар ұйымдастырылды.
ЕҰУ-дің халықаралық конференцияға қатысуы университеттің тәжірибесін таныстыруға, шетелдік әріптестердің өзекті білім беру тәжірибелерімен танысуға және Орталық Азия университеттері мен халықаралық серіктестер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.
ЕҰУ ұсынған тәжірибе педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруда, тәлімгерлік институтын дамытуда және ағылшын тілі мұғалімдерінің кәсіби дамуының заманауи тәсілдерін қалыптастыруда өңірлік академиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындайды.
