
ЕҰУ-да көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті ғалым, абайтанушы, жазушы және қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Көкейкесті әдебиеттану: поэтика, жанр, стиль және Қайым Мұхамедханұлының ғылыми мұрасы» тақырыбындағы алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан, АҚШ, Татарстан мен Өзбекстанның ғалымдары, әдебиеттанушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары және жас зерттеушілер қатысты.
Конференцияны ашқан ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов ғалымның қазақ руханияты мен абайтану ғылымын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
«Қайым Мұхамедханұлы – ғылыми ұстанымына адал болып, ұлттық мұраны зерттеуге ғұмырын арнаған көрнекті тұлға. Оның Абайдың ақындық мектебін зерделеу, әдеби мұраларды жинақтау және текстологиялық тұрғыдан саралау бағытындағы еңбектері бүгінгі ғылым үшін де құндылығын жоғалтқан жоқ. Ғалым мұрасын жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеп, жас ұрпаққа таныту – ортақ міндетіміз», – деді ректор.
Филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы модераторлық еткен жиында жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай Қайым Мұхамедхановтың шындық пен әділет жолындағы табандылығы тарихи сананың қалыптасуына зор ықпал еткенін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе жас ұрпақ үшін шынайы деректерге негізделген тарихты білу маңызды. Өйткені жастар бүгінгі еркіндіктің қадірін түсініп, оның халқымызға оңайлықпен келмегенін терең сезінуі тиіс.
«Қайым Мұхамедханов қуғын-сүргінге ұшырап, есімдері ұмытыла бастаған тұлғалардың фотосуреттерін, жазба мұралары мен шығармашылық еңбектерін жинап, сақтап қалды. Осылайша тарихи шындық пен ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа аман жеткізді», – деді ғалым.
Пленарлық мәжілісте академик Ғарифолла Есім және әдебиетші-ғалым Балтабай Әбдіғазы көрнекті ғалым, кемеңгер ұстаз туралы ой толғаса, ЕҰУ-дың «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір абайтанудағы ғылыми сабақтастықты саралады, ал Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сауытбек Абдрахманов, профессор Дина Мұхамедхан, тағы басқа алыс-жақыннан келген қатысушылар қайымтанудың өзекті міндеттерін айқындап, ғалым еңбектерін жүйелі әрі кешенді зерттеудің маңызын атап өтті.
Монтана (АҚШ) университетінің профессоры Андреа Вернон өзінің бейнебаяндамасында Қайым Мұхамедханұлының ғибратты өмірі мен рухани мұрасының халықаралық маңызына баға берді.
«Ол тарихтың аса күрделі кезеңінде қайсарлық пен көшбасшылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Ғалымның әлеуметтік әділеттілікке, шындық пен адам құқықтарына адалдығы бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қуғын-сүргінге ұшырап, есімдері ұмытыла бастаған тұлғалардың фотосуреттерін, жазба мұралары мен шығармашылық еңбектерін сақтап, тарихи шындық пен ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа аман жеткізді», – деді америкалық профессор.
Конференцияда Қайым Мұхамедханұлының абайтану, әдебиет тарихы, аударматану және мәтінтану салаларындағы еңбектері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар ғалым мұрасын цифрландыру, архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізу және еңбектерін халықаралық академиялық кеңістікте кеңінен насихаттау жөнінде ұсыныстар айтты.
Ғылыми басқосу әдебиеттану, абайтану, алаштану, ұлттық тарих, түркітану, салыстырмалы әдебиеттану және заманауи гуманитарлық ғылымдар бағыттары бойынша бес секцияда жалғасты.
