
ЕҰУ студенттеріне мемлекеттік мүлікті басқару мен жекешелендіру үдерісінің ерекшеліктері түсіндірілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Астана қаласы департаменті өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен Экономика және туризм жоғары мектебінің 4 курс білім алушылары қатысты.
«Кездесудің мақсаты – білім алушыларға мемлекеттік қызмет саласындағы мансаптық мүмкіндіктерді таныстыру, мемлекеттік қызметке орналастыру тәртібі, университет түлектерін жұмысқа қабылдау, кәсіптік практикадан өту және жас мамандардың кәсіби бейімделуі туралы ақпарат беру. Бүгінгі ашық әрі сындарлы диалог өзекті мәселелерді талқылауға, пікір алмасуға және алдағы бірлескен жұмысымыздың келісілген бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді деп сенемін», - деді Экономика және туризм жоғары мектебінің директоры Әсемгүл Қапенова.
Департамент өкілдері Раушан Оңаева, Руслан Бердібаев, Дана Мұқашева, Әбіл Думан мекеменің негізгі қызмет бағыттары мен саладағы қолданыстағы тетіктер туралы ақпарат берді. Оның ішінде мемлекеттік мүлікті тиімді басқару, жекешелендіру үдерісінің ерекшеліктері, мемлекеттік активтерді есепке алу және олардың мақсатты пайдаланылуын бақылау мәселелері сөз болды.
«Мемлекеттік мүлікті тиімді басқару – ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Бұл салада әрбір шешім заңдылық, ашықтық және қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделуі тиіс. Бүгінгі кездесу студенттердің мемлекеттік басқару жүйесі туралы түсінігін кеңейтіп, болашақ мамандығын саналы таңдауға көмектеседі деп сенемін», – деді Астана қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Раушан Оңаева.
Спикерлер мемлекеттік мүлікті басқарудың ел экономикасындағы маңызына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстың ашықтық, заңдылық және тиімділік қағидаттарына негізделетінін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке орналасу талаптары, жас мамандарға қойылатын кәсіби міндеттер және мемлекеттік органдарда тәжірибеден өту мүмкіндіктері жөнінде әңгімеледі.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттер мемлекеттік мүлікті бағалау, жалға беру, жекешелендіру рәсімдері және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігіне қатысты сұрақтарын қойды. Департамент өкілдері білім алушыларға тәжірибелік мысалдар негізінде жан-жақты жауап берді.
«Кездесу барысында мемлекеттік мүлікті басқару мен жекешелендіру үдерісінің ерекшеліктері туралы пайдалы ақпарат алдық. Әсіресе мамандардың тәжірибелік мысалдар келтіріп, мемлекеттік қызметке орналасу талаптарын түсіндіруі біз үшін маңызды болды. Мұндай кездесулер теориялық білімімізді толықтырып, болашақ кәсіби бағытымызды айқындауға көмектеседі», – деді Экономика және туризм жоғары мектебінің 4 курс студенті Інжу Асқар.
Іс-шара соңында тараптар мұндай кездесулер студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, кәсіби бағдарын айқындауға және мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
