
ЕҰУ-да зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша оқыту семинары өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау, өнертабыстарға өтінім беру және авторлық құқық объектілерін тіркеу мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті.
Іс-шараны ЕҰУ Инновацияларды дамыту департаменті Ұлттық зияткерлік меншік институтымен бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Іс-шараға Инновацияларды дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Азат Махмет модераторлық етті. Семинардың ашылуында ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми және инновациялық қызмет нәтижелерін құқықтық тұрғыдан сауатты қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Kazpatent авторлық құқық бөлімінің басшысы Раушан Аввалова авторлық құқық объектілерін тіркеу тәртібі, ұсынылатын материалдарға қойылатын талаптар, сондай-ақ ғылыми, әдеби, білім беру туындылары мен бағдарламалық өнімдерді құқықтық қорғаудың практикалық аспектілері туралы баяндады.
Kazpatent өнертабыстар мен селекциялық жетістіктерге формальды сараптама жүргізу басқармасының басшысы Дана Әлімжанова патент алуға өтінім беру тәртібін, өнертабыстар мен пайдалы модельдерді құқықтық қорғау ерекшеліктерін, сондай-ақ өнертабыстарды халықаралық патенттеу мүмкіндіктерін түсіндірді.
Семинар барысында авторлық құқық объектілерін тіркеу, өнертабыстар мен пайдалы модельдерге өтінімдерді дайындау және беру, өтінімнің сипаттамасына, формуласына, рефератына, сызбаларына және басқа да материалдарына қойылатын талаптар жан-жақты қарастырылды.
Тақырыптық баяндамалардан кейін сұрақ-жауап сессиялары ұйымдастырылды. Қатысушылар өтінімдерді рәсімдеу және сүйемелдеу, құқықтық қорғаудың тиісті объектісін таңдау, сондай-ақ Qazpatent электрондық сервистерін пайдалану бойынша практикалық ұсынымдар алды.
Семинар ЕҰУ қызметкерлері мен білім алушыларының зияткерлік меншік саласындағы құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін одан әрі енгізу және коммерцияландыру үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етті.
