
ЕҰУ мен Freedom Bank ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Фридом Банк Қазақстан» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Құжатқа ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов пен банктің Астана қаласындағы филиалының директоры Ардақ Елеусізов қол қойды.
Келісім студенттер мен университет қызметкерлеріне арналған қаржылық қызметтерді жетілдіруді, цифрлық жобаларды іске асыруды және жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруды көздейді.
Ынтымақтастық аясында студенттік карталар шығару, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге банктік қызмет көрсету, сондай-ақ қаржылық сауаттылық бойынша семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.
Тараптар студенттердің банк саласындағы тәжірибелік білімін жетілдіру, тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасау және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелерін де қарастырды. Жаңа әріптестік университеттің цифрлық білім беру ортасын дамытуға бағытталады.
