
ЕҰУ Азияның үздік 100 университеті қатарындағы позициясын нығайтты

Британдық Quacquarelli Symonds (QS) агенттігі QS Asia 2026 Азия университеттері аймақтық рейтингінің нәтижелерін жариялады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің жалпы қорытынды ұпайын жақсарта отырып, өңірдегі үздік 100 көшбасшы ЖОО арасындағы орнын сенімді түрде сақтап қалды.
Университеттің позициясын жақсартуға, ең алдымен, интернационалдандыру көрсеткіштері ықпал етті:
ЕҰУ алғаш рет шетелдік оқытушылар мен сарапшыларды тарту көрсеткіші бойынша максималды 100 ұпай жинады;
Бірлескен зерттеулер деңгейі бойынша халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуда айтарлықтай серпіліс жасап, бірден 72 сатыға жоғарылады;
ЕҰУ халықаралық деңгейде атап өтілген академикалық мобильділік бағдарламасы бойынша көшбасшы болып қала береді;
Шетелдік білім алушылардың үлесі айтарлықтай өсті.
Сонымен қатар, PhD ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың үлесі артып, ғалымдарымыздың жарияланымдық белсенділігі өсті. ЕҰУ түлектердің сұранысқа ие болуы мен студенттер мен оқытушылардың арақатынасы бойынша дәстүрлі түрде Азияның үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді.
Рейтингтің 11 негізгі индикаторының ішінен ЕҰУ-дың бірден үш көрсеткіші Азияның ТОП-50 қатарына енді:
- Студенттер мен оқытушылардың арақатынасы;
- Жұмыс берушілер арасындағы бедел;
- Шетелдік профессорлық-оқытушылық құрам.
Жалпы баллдың сенімді өсуі ЕҰУ-дың халықаралық білім беру кеңістігіндегі мақсатты ұмтылысын айқын дәлелдейді.
