
ЕҰУ студенттеріне «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы және тұрғын үй мүмкіндіктері таныстырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 1–2 курс білім алушыларына арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты - жастарға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының мүмкіндіктерін түсіндіру, жинақталған қаражатты тиімді пайдалану жолдарын таныстыру және болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған қаржылық мүмкіндіктер туралы ақпарат беру.
Іс-шара барысында қатысушыларға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының мақсаты мен негізгі тетіктері түсіндірілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балалардың Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігінен үлес алатыны, қаражаттың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарға автоматты түрде есептелетіні және 18 жасқа толғаннан кейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға пайдалануға болатыны айтылды.
Сонымен қатар студенттерге жинақталған қаражатты тұрғын үй алуға қажетті бастапқы капитал ретінде пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды. Осы орайда «Отбасы банк» ұсынатын тұрғын үй бағдарламалары, оның ішінде «Наурыз» бағдарламасының талаптары мен шарттары туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында:
• «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жұмыс істеу тәртібі;
• 2006–2008 жылдары туған азаматтардың жинақтары туралы мәліметтер;
• Ұлттық қордан берілетін қаражатты тұрғын үй мен білім алуға пайдалану жолдары;
• «Отбасы банктегі» депозиттік жинақтардың маңызы;
• «Наурыз» бағдарламасының негізгі талаптары;
• Ипотекалық несие алу кезінде ескерілетін шарттар мен іріктеу жүйесі кеңінен түсіндірілді.
Сондай-ақ студенттерге депозиттегі қаражат көлемі, жинақтау мерзімі және бағалау жүйесінде ескерілетін өзге де көрсеткіштердің тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне әсері түсіндірілді.
Іс-шара соңында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері жөнінде пайдалы ақпарат алды.
