
ЕҰУ-да жоғары білім мен ғылым саласындағы комплаенс мәселелері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жоғары білім және ғылым саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген жоғары оқу орындарының комплаенс-қызмет басшылары қатысты.
Іс-шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Әділбек Досымбетов сөз сөйлеп, жоғары білім беру мен ғылым саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда уәкілетті органдармен өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.
«Бүгінгі дөңгелек үстел – жоғары білім беру мен ғылым саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бірлесіп талқылауға арналған маңызды алаң. Бұл мәселеде уәкілетті органдармен өзара байланыс пен тәжірибе алмасудың маңызы зор. Сондықтан осындай кездесулерде ортақ мәселелерді талқылап, тиімді шешімдер іздеуіміз қажет», – деді ол.
ЕҰУ Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы өз сөзінде комплаенс қызметінің университеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алудағы және корпоративтік мәдениетті қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
«Комплаенс қызметі – тек құқық бұзушылықтарды анықтау құралы емес. Бұл – университеттің барлық бағытындағы тәуекелдердің алдын алуға, корпоративтік мәдениет пен өзара қарым-қатынас этикасын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыс», – деді проректор.
Оның айтуынша, комплаенс-офицерлердің университеттің академиялық, ғылыми, әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттардағы жұмыс топтарына қатысуы ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел барысында Астана қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Балғабеков Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы баяндады.
Қарағанды индустриялық университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Самал Ибрагимова комплаенс жұмысында қолданылатын «Smart Compliance» жасанды интеллект көмекшісін таныстырды. Ал Yessenov University комплаенс-қызметінің басшысы Ренат Шайхаденов сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті тәуекелдерді басқарудан академиялық адалдықты қамтамасыз етуге дейінгі бағытта дамыту мәселелерін қозғады.
ЕҰУ-дің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Талғат Дарбаев университеттегі комплаенс қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігіне, жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылға және кадр саясатына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталды.
Кездесу соңында қатысушылар комплаенс-қызметтердің жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және академиялық адалдық қағидаттарын нығайту бағытындағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастырды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.
