
ЕҰУ мен Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы басқарушы кадрларды бірлесіп даярлау және бизнес-білім беруді дамыту туралы келісімге келді.
Тиісті меморандумға ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры м.а. Абзал Талтенов пен Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин қол қойды.
Ынтымақтастық аясында:
- елорда кәсіпкерлерінің қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы білім беру бағдарламасын әзірлеу;
- ENU Graduate School of Business бизнес-мектебінің MBA, EMBA және DBA бағдарламаларының оқу процесіне елордалық компаниялардың нақты бизнес-кейстері мен талдамалық материалдарын енгізу;
- кәсіпкерлерді форумдар мен форсайт-сессияларға қатыстыру, сондай-ақ оларды бітіру жобаларына тәлімгер ретінде тарту жоспарланып отыр.
«Университетіміз үшін бұл құжатқа қол қоюдың символдық мәні зор. Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин - ЕҰУ-дың түлегі. Ол бизнес-мектебіміз құрылған күннен бастап белсенді қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде түлектеріміз білікті басшылар мен көшбасшылар ретінде университетпен байланысын жалғастырып, елордадағы бизнестің дамуына және басқарушы кадрлардың жаңа буынын даярлауға үлес қосуда», - деді Абзал Талтенов.
Айта кетейік, университет пен Кәсіпкерлер палатасы көптеген жылдар бойы ынтымақтастық орнатып келеді. Жаңа меморандум бизнес-білім беру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтіп, академиялық орта мен кәсіпкерлік қауымдастық арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
