
ЕҰУ-да инклюзивті мәдениетті дамытуға арналған декада басталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Инклюзивті қолдау орталығы мен «КӨМЕК» волонтерлік клубының ұйымдастыруымен «Ешкім назардан тыс емес!» декадасының ашылу салтанаты өтті.
Бастаманың мақсаты – университет қауымдастығында тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілету, өзара құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптастыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта құрудың маңызын түсіндіру.
Декада «Бірлік пен теңдік» акциясымен басталды. Оның символдық сәттерінің бірі – волонтерлердің қағаз ұшақтарды ұшыруы болды. Бұл әрекет еркіндік пен тең мүмкіндіктерді, әр адамның арманына қанат бітіруді және өзара қолдауды бейнеледі.
Іс-шара аясында «Әлем балалар көзімен» шығармашылық жұмыстар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге балалардың қоршаған ортаны қабылдауы мен шығармашылық әлеуетін танытатын туындылар қойылды.
Сонымен қатар волонтерлер университеттің оқу ғимараттарын аралап, оқытушылар мен студенттерге инклюзивті мәдениет тақырыбында интерактивті сұрақтар қойды.
27 қазан мен 6 қараша аралығында жалғасатын декада бағдарламасына түрлі акциялар, психологиялық тренинг, дойбы турнирі, оқыту семинары, арт-терапия және Quiz ойыны енгізілген. Бұл іс-шаралар университет қауымдастығының инклюзия туралы түсінігін кеңейтіп, студенттер арасында мейірімділік, жауапкершілік, өзара түсіністік пен қолдау құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
