
ЕҰУ студенттері Куба тарихы туралы дәріс тыңдады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Куба Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Альфредо Фидель Ньевес Портуондо студенттерге «Куба тарихы: ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін» тақырыбында дәріс оқыды.
Кездесуді Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Қосыбаев ашып, халықаралық дипломатиялық өкілдермен байланыс орнатудың студенттер үшін берері мол екенін атап өтті.
«Астанада дипломатиялық корпустың, соның ішінде шетел елшіліктерінің орналасуы – студенттеріміз үшін үлкен мүмкіндік. Біз осындай кездесулер арқылы олардың халықаралық қатынастар саласындағы білімін тәжірибемен ұштастыруына жағдай жасаймыз. Шақыруымызды қабыл алып, студенттермен кездесуге келгені үшін елшіге алғыс айтамыз», – деді Мирас Қосыбаев.
Дәрісті елдің географиялық орналасуынан бастаған Альфредо Фидель Ньевес Портуондо Кубаның Солтүстік Америка мен Оңтүстік Америка аралығындағы орнына тоқталды. Карта арқылы аралдың тарихи маңызына назар аударып, оның географиялық жағдайы елдің қалыптасуы мен сыртқы байланыстарына әсер еткенін түсіндірді.
Тарихи оқиғаларды түсіндірумен қатар, дипломат Куба халқының қалыптасуы мен ұлттық мәдениетінің ерекшеліктеріне назар аударды. Оның сөзінше, Куба мәдениеті әртүрлі халықтардың өзара ықпалдастығы нәтижесінде қалыптасқан. Испан мәдениетінің әсері елдің тілі мен дәстүрінен анық байқалады.
«Куба халқының тарихын түсіну оңай емес, өйткені оның қалыптасуына әртүрлі халықтар мен мәдениеттер әсер етті. Испанияның ықпалы біздің тарихымызда ерекше орын алады. Испан тілі – Кубаның ресми тілі. Ал кубалықтарға тән басты қасиеттердің бірі – қонақжайлық. Біз би мен спортты да жақсы көреміз», – деді Альфредо Фидель Ньевес Портуондо.
Кездесу барысында елші аралда өмір сүрудің өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтып, Кубаның табиғи және географиялық жағдайы халықтың тұрмысы мен дүниетанымына әсер еткенін атап өтті.
Альфредо Фидель Ньевес Портуондоның кәсіби жолы журналистика мен дипломатия салаларымен тығыз байланысты. Ол еңбек жолын журналист ретінде бастап, кейін Кубаның Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған. Әр жылдары Кубаның Ресей Федерациясындағы елшілігінде, Беларусь Республикасындағы және Әзербайжандағы елші қызметтерінде жұмыс істеді. 2025 жылы Қазақстан Республикасындағы Куба Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
Дәріс соңында студенттер елшіге сұрақтарын қойып, Кубаның тарихи өткені, мәдениеті және халықаралық қатынастарына қатысты пікір алмасты. Кездесу білім алушыларға Кубаның тарихын елдің географиялық, саяси және мәдени ерекшеліктерімен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік берді.
