
ЕҰУ-да Шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасы мен Зейнолла Сәнік орталығы ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасы мен көрнекті жазушы, этнограф, фольклортанушы Зейнолла Сәнік атындағы ғылыми-танымдық орталықтың ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының директоры, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Қалиев, ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы, ғалымдар, қаламгерлер, профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылар қатысты. Жиында шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеу, ұлттық рухани мұраны жинақтау және оны жас ұрпаққа насихаттау мәселелері сөз болды.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов жаңа дәрісхана мен орталықтың ашылуы университеттің ғылыми және рухани өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Шетелдегі қазақ әдебиеті – ұлттық әдебиетіміздің ажырамас бөлігі. Оны жүйелі зерттеу, құнды мұраларды ғылыми айналымға енгізу және болашақ ұрпаққа жеткізу – маңызды міндет. Бүгін ашылып отырған дәрісхана мен Зейнолла Сәнік орталығы осы бағыттағы зерттеулерді жаңа деңгейге көтеріп, ғалымдар мен жастардың басын қосатын тағылымды ортаға айналады деп сенемін», – деді Мереке Құлкенов.
Шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасында әлемнің әр елінде өмір сүрген және еңбек еткен қазақ қаламгерлерінің шығармашылығы зерделеніп, студенттерге арнайы дәрістер, ғылыми семинарлар мен әдеби кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ шетелдегі қазақтардың әдебиеті, тарихы мен мәдениетіне қатысты еңбектерді жинақтау және зерттеу көзделген.
Ал Зейнолла Сәнік атындағы орталық жазушының мол шығармашылық және ғылыми мұрасын насихаттауға бағытталған. Зейнолла Сәнік – қазақтың тарихы, этнографиясы, фольклоры мен руханиятына қатысты құнды еңбектер қалдырған қаламгер. Ол – Қытай мен Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетіне, әсіресе қазақ халқының рухани мұрасын жинап, зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға.Оның шығармаларында халқымыздың тарихи жадын жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және елдік сананы нығайту мәселелері кеңінен көрініс тапқан.
«Жаңа орталықта жазушының еңбектері зерттеліп, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, танымдық кездесулер мен әдеби кештер өткізілетін болады. Сонымен қатар жас зерттеушілердің ізденістеріне қолдау көрсетіліп, Зейнолла Сәнік мұрасына арналған ғылыми жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деп атап өтті факультет деканы Серікзат Дүйсенғазы.
Шара барысында қатысушылар жаңадан ашылған дәрісхана мен орталықтың қызметімен танысты. Олар мұнда жинақталған кітаптар мен ғылыми еңбектерді, сондай-ақ тарихи-танымдық материалдарды тамашалады.
Іс-шара аясында жазушы, профессор Серік Елікбайдың «Қазаққа қайтқан қазына» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа еңбектің мазмұны мен рухани-танымдық маңызы таныстырылып, оқырман қауымға ұсынылды.
Сонымен қатар Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының директоры Серік Қалиев филология факультетінің деканы, ақын Серікзат Дүйсенғазыға «Зейнолла Сәнік» төсбелгісін табыстады. Қор атынан ЕҰУ студенттері – «Топжарған» ақындар клубының мұшелері Ұлан Тұрсынбек, Мұхамедия Абдуллаев және Мейіржан Баршынбайға әрқайсысына 50 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалып, алғашқы төлемі салтанатты түрде берілді.
