
ЕҰУ-да Лев Гумилевтің мұрасы мен ұрпақтар сабақтастығы талқыланды

Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты Л.Н. Гумилев музейімен бірлесіп, ЕҰУ-дың «Күміс университеті» жобасы аясында «Л.Н. Гумилевтің өмірі мен қызметі арқылы ұрпақтар сабақтастығы» атты іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында Л.Н. Гумилев музейінің меңгерушісі Сымбат Ахметова көрнекті ғалымның сан қырлы тұлғасы, ғылыми мұрасы және қазақ халқына деген ерекше ықыласы туралы баяндады. Ол тарихи жадыны сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың маңыздылығына тоқталып, мұндай кездесулердің жастар мен аға буын өкілдерін жақындастырудағы рөлін атап өтті.
Кездесу аясында ЕҰУ-дың «Күміс университеті» жанындағы Сөйлеу жанры клубы ұйымдастырған музейге келуші жастар арасындағы «Өмірдің мәні неде?» тақырыбындағы эссе байқауының қорытындысы шығарылды. Клуб жетекшісі Сымбат Ахметова байқау нәтижелерін жариялап, мазмұндылығымен және тақырыпты терең ашуымен ерекшеленген қатысушыларға құрмет грамоталарын табыстады.
Іс-шараға Республикалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері Мұхтар Еркетаев пен Павел Казанцев те қатысты. Олар қатысушыларды аға буынның өмірлік тәжірибесін, рухани құндылықтары мен даналығын сақтауға және кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған «Даналық формуласы» жобасымен таныстырды. Ардагерлер жастарға ақ батасын беріп, білімге ұмтылуға, үнемі ізденіп, өзін-өзі жетілдіруге және алға қойған мақсаттарына жетуге тілектестік білдірді.
Аға буын өкілдері мұндай кездесулердің ұрпақтар арасындағы өзара түсіністік пен сабақтастықты нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар пікір алмасып, бірлескен жұмысты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ жастар мен аға буын арасындағы білім беру, мәдени және қоғамдық байланыстарды жалғастыруға қызығушылық танытты.
Кездесуге қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ЕҰУ басшылығына үздіксіз білім алуға, жастармен бірге үйренуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыстарын білдірді.
