
ЕҰУ-да Беларусь студенттерімен кездесу өтті

Қазақстан Республикасының Республика күні қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығында Беларусь Республикасынан келген студенттермен кездесу өтті. Жиында Орталық директоры Баубек Сомжүрек студенттермен жүздесіп, Қазақстанның қалыптасу тарихы мен ел дамуының маңызды кезеңдері туралы әңгімеледі.
Кездесу барысында Республика күні - мемлекеттілігімізді дәріптейтін, ел тарихындағы маңызды белестерді айшықтайтын мерекенің мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар Баубек Сомжүрек Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының қызметі мен негізгі жұмыс бағыттарын таныстырды.
Жүздесу кезінде екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне де баса назар аударылды. Мұндай кездесулер шетелдік студенттердің Қазақстанның тарихы мен ұлттық құндылықтарын тереңірек танып-білуіне, сондай-ақ жастар арасындағы өзара түсіністік пен мәдени байланыстардың нығаюына жол ашады.
«Бүгінде ЕҰУ-да Беларусь Республикасынан келген 10 студент білім алуда. Олардың бір бөлігі университетте ақылы негізде оқыса, енді бір бөлігі академиялық ұтқырлық және гранттық бағдарламалар аясында білім алу мүмкіндігіне ие болған.
Студенттердің басым бөлігі Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінде оқиды. Мұнда Беларусьтен келген 4 студент бар. Халықаралық қатынастар факультетінде - 3, Экономика және туризм жоғары мектебінде - 2, Жаратылыстану ғылымдары институтында 1 студент білім алуда.
Олар журналистика, қоғаммен байланыс, халықаралық қатынастар, менеджмент, аймақтану, экология және табиғатты пайдалану сияқты бағыттарды меңгеріп жүр. Бұл таңдау екі ел жастарының түрлі кәсіби салаларда білім алуға және халықаралық тәжірибе жинақтауға деген қызығушылығын көрсетеді.
Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – білім беру саласындағы әріптестік. Екі ел арасындағы байланыстар түрлі келісімдер мен меморандумдар арқылы нығайып, білім мен ғылым салаларындағы өзара ықпалдастыққа жаңа мүмкіндіктер ашып келеді. Қазақстан мен Беларусь азаматтарының мемлекетаралық бағдарламалар мен бастамаларға қатысуы да осы ынтымақтастықтың ауқымын айқындайды.
Беларусь жастарының ЕҰУ-ді таңдап, Қазақстанда білім алуы – екі ел арасындағы достық пен әріптестіктің нақты көрінісі. Еуразия ұлттық университеті халықаралық білім беру кеңістігіндегі байланыстарды дамытуға, жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға және болашақ мамандардың қалыптасуына үлес қосып келеді», -деді Б. Сомжүрек.
