
ЕҰУ-дың жас ғалымы мемлекеттік қолдау аясында пәтерге ие болды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заң факультеті қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Алуа Мұратова отандық ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында пәтерге ие болды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара барысында еліміздің ғылымын дамытуға елеулі үлес қосып, жоғары жетістіктерге жеткен жас ғалымдарға тұрғын үй сертификаттары табысталды. Рәсімге Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Алуа Мұратованың айтуынша, пәтерге ие болу – оның өміріндегі маңызды әрі қуанышты оқиғалардың бірі.
«Тарихи күнде осындай маңызды қолдауға ие болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – баспаналы болумен қатар, мемлекет тарапынан жас зерттеушілердің еңбегіне көрсетілген құрмет пен ғылымға қосқан үлесінің мойындалуы. Сондай-ақ кәсіби тұрғыдан дамуға зор ынта береді.
Отандық ғылымды дамытуға және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған жүйелі саясаты үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне, министр Саясат Нұрбекке, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жасалған мүмкіндіктер мен жан-жақты қолдау үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Мұндай бастамалар болашаққа деген сенімімізді нығайтып, жаңа ғылыми жетістіктерге жетелейді. Ендігі басты міндетіміз – артылған сенімді ақтап, Қазақстан ғылымының дамуына лайықты үлес қосуды жалғастыру», – деді PhD докторы.
Алуа Мұратованың кәсіби қызметі заң білімін дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу, білікті мамандар даярлау және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтумен байланысты.
Жас ғалым қылмыстық құқық пен криминология салаларындағы мәселелерді зерттеп, заң білімін жетілдіруге және болашақ мамандарды даярлауға үлес қосып келеді. Оның ғылыми еңбектері Қазақстанның және шетелдердің ғылыми басылымдарында жарияланып жүр.
Кафедра меңгерушісі халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуға, академиялық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ білім беру мен зерттеу жұмыстарына заманауи тәсілдерді енгізуге ерекше мән береді.
