
Зерендіде болашақ журналистерге арналған «ZEREN photo fest» фотофестивалі өтті

Зерендіде өткен «ZEREN photo fest» фотофестивалі аясында қазақстандық БАҚ фототілшілері ЕҰУ-дың журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенттеріне шеберлік сабағын өткізді. Іс-шараны ЕҰУ-дың Ақпарат орталығы мен Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырды. Фотофестиваль университеттің 30 жылдығына орай өтті.
Фестивальге ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы, ҚР Премьер-министрінің фотографы Шүкір Шахай, «National Geographic Kazakhstan» журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов, «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров, ҚР Құрылтайының фототілшісі Талғат Таныбаев, Қазақ радиосының бас редакторы Алмас Байдрахман, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шеф-редакторы Ғабит Ұзақбай, ЕҰУ ректорының кеңесшісі Ғалымжан Мелдеш, ЕҰУ Ақпарат орталығының басшысы Ербол Ерденбек және оқытушылар мен студенттер қатысты.
Құттықтау сөзінде ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы фестивальдің биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
«Дәстүрлі «ZEREN photo fest» – студенттер үшін жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, ал кәсіби фототілшілер үшін өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бүгінде фестиваль фотография мен журналистика саласының өкілдерін бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, Зеренді өңірінің табиғи сұлулығын, туған жердің қадір-қасиетін, еліміздің бай мәдениеті мен ұлттық рухын фотоөнер мен көркемсөз арқылы кеңінен насихаттайтын маңызды мәдени бастамаға айналып келеді.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальдің жыл сайын мазмұндық тұрғыдан толығып, ауқымы кеңейіп келе жатқаны – жобаның өзіндік дәстүрі қалыптасып, жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын шығармашылық мектепке айналғанының айқын дәлелі», - деді проректор.
Фестивальге келген фототілшілер студенттерге шеберлік сағатын өткізді.
«Фото – бір сәтті ғана бейнелейтін өнер емес. Ол – уақытты тоқтатып, адамның көңіл күйін, табиғаттың сұлулығын, өмірдің қайталанбас сәттерін сақтап қалатын ерекше өнер.
Осы фестивальге арнайы ат ізін салып келген фотографтарға, журналистерге, қонақтарға, ұйымдастырушыларға және осы шараның өтуіне үлес қосқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін және оларға шығармашылық шабыт, жаңа идеялар, есте қаларлық кадрлар тілеймін!» - деді ҚР Премьер-министрінің фотографы Шүкір Шахай.
Осыдан кейін студенттер өз тәлімгерлерінің жетекшілігімен түсірген фотосуреттерін ұсынды. Байқау жұмыстары бірнеше жанр бойынша бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша ҚР Құрылтайының фототілшісі Талғат Таныбаев пен оның шәкірті Ақнұр Ербатыр бас жүлде иегері атанды.
Бірінші орынды «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейіт пен шәкірті Елдана Сәкенқызы алса, екінші орынды «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров пен оның шәкірті Әдемай Текебасова иеленді. Үздік үштікті Ұлттық ұланның фототілшісі Бақытжан Батырханұлы бастаған топ – Нұрай Тілек түйіндеді.
Фестиваль туралы өз әсерімен бөліскен ҚР Құрылтайының фототілшісі, Бас жүлде иегері Талғат Таныбаев бұл жобаға биыл екінші жыл қатарынан қатысып отырғанын атап өтті.
«Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Ең бастысы – студенттердің өздерінің қызығушылығы. Кеше шеберлеріміз Шүкір Шахай мен Ерболат Шадраховтың шеберлік сабақтарына қатысқан студенттердің әсерін, олардың көздеріндегі отты көріп, қатты қуандым. Бұл мені ерекше қуантты. ЕҰУ Ақпараттық орталығының ұжымына алдағы шығармашылық жұмыстарына табыс тілеймін! Байқауларыңыз жалғасын тауып, дами берсін!», - деді фототілші.
Жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
