
ЕҰУ-да БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметінің қорытындылары мен 2030 жылға дейінгі басымдықтары талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде БҰҰ-ның Қазақстандағы 2021–2025 жылдардағы қызметінің қорытындылары мен 2026–2030 жылдарға арналған басымдықтарына арналған брифинг өтті.
Кездесуде адам әлеуетін дамыту, тұрақты экономиканы қалыптастыру, экологиялық саясат және әлеуметтік тұтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Іс-шараға БҰҰ агенттіктерінің өкілдері, елшілер, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық даму жөніндегі серіктестер қатысты.
Брифингті ашқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов халықаралық ынтымақтастықты дамытуда және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде білім мен ғылымның маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қазақстанның жетекші университеті ретінде біз БҰҰ-ны бейбітшілік пен тұрақты дамудың жаһандық бағдары және білім мен адам капиталын дамытудағы негізгі серіктесіміз ретінде қарастырамыз. Қазіргі жаһандық сын-қатерлерді шешу мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпус пен ғылымның бірлескен күш-жігерін талап етеді», - деді ректор.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчаа ұйымның елдегі жұмысының нәтижелерін қорытындылап, алдағы кезеңдегі басымдықтарды талқылаудың маңызын атап өтті.
«Бұл брифинг БҰҰ-ның Қазақстанның дамуына көрсетіп отырған қолдауының нәтижелерін ашық талқылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекет, БҰҰ және даму жөніндегі серіктестер арасында тәжірибе алмасып, ортақ мақсаттарға жету үшін өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға жол ашады. Біз ұсынып отырған нәтижелер – Үкіметпен және басқа да серіктестермен бірлескен жұмыстың жемісі», – деді спикер.
Брифинг барысында БҰҰ агенттіктерінің өкілдері төрт басым бағыт бойынша негізгі міндеттерді таныстырды.
Адам әлеуетін дамыту және институттарды нығайту бағыты бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Лаура Утемисова денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру, зертханалық инфрақұрылымды нығайту, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
БҰҰ-ның Әйелдер құрылымының өкілі Дина Амришева жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, жеке деректерді қорғау және цифрлық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Тұрақты әрі инклюзивті экономиканы дамыту бағыты бойынша ЮНИСЕФ өкілі Милена Харизанова кәсіби дағдыларды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жастардың, әйелдер мен осал топтардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге назар аударды.
БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Катажина Ваверня климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын басқару, биоалуантүрлілікті сақтау және Каспий теңізінің экожүйесін қорғау бағытындағы басымдықтарды таныстырды.
Әлеуметтік тұтастықты нығайту бағыты бойынша БҰҰ Халық қоныстануы қорының өкілі Чинве Огбонна адам құқықтарын қорғау, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ әйелдер мен жастардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын арттыру мәселелерін сөз етті.
Кездесу соңында қатысушылар мемлекеттік органдар, БҰҰ агенттіктері, ғылыми қауымдастық және халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуіне бағытталған бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға ерекше назар аударылды.
