
ЕҰУ Балқаш оқушыларымен кәсіптік бағдар беру кездесуін өткізді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Кәсіптік бағдар беру бөлімі Қарағанды облысының білім басқармасына қарасты Балқаш қаласының білім бөліміне қарайтын «Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейі» КММ оқушыларымен онлайн-кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты - болашақ талапкерлерді ЕҰУ-дың білім беру бағдарламаларымен, қабылдау ережелерімен және университетте білім алудың мүмкіндіктерімен таныстыру.
Кездесуге Кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы - Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ләззат Егеубаева және бөлімнің аға маманы Аида Макашева қатысты. Университет өкілдері ЕҰУ-дың жетістіктері, білім беру мүмкіндіктері, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде артықшылықтары және студенттердің кәсіби даму перспективалары туралы айтып берді.
Кездесу барысында оқушыларға Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу тәртібі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік қағидалары және оқуға түсу талаптары туралы толық ақпарат берілді. Сонымен қатар шығармашылық емтихандарға ерекше назар аударылды. Оқушыларға құжаттарды қабылдау және емтихандарды өткізу мерзімдері, сондай-ақ тиісті білім беру бағдарламаларына түсу ерекшеліктері түсіндірілді.
Бұдан бөлек, қатысушыларға оқу үдерісінің ерекшеліктері, студенттердің жеке және кәсіби дамуына арналған мүмкіндіктер, жатақханада тұру жағдайлары және түлектердің жұмысқа орналасу перспективалары туралы мәліметтер ұсынылды.
ЕҰУ-дағы студенттік өмірге, жастар ұйымдарының қызметіне, сондай-ақ білім беру, ғылыми және қоғамдық бастамаларға қатысу мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. Университетте оқу студенттерге сапалы білім алуға, өз әлеуетін ашуға және кәсіби тұрғыдан қалыптасуға кең мүмкіндік береді.
Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, университет өкілдерінен толық жауаптар алды.
