
ЕҰУ Бельгия университеттерімен академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Бельгия ректорларының форумы аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бельгияның үш жоғары оқу орнымен – Лувен католик университетімен, Гент университетімен және Монс университетімен ынтымақтастық туралы үш келісімге қол қойды. Құжаттар академиялық ұтқырлықты дамыту, студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруды көздейді.
Келісімдерге ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және Бельгия университеттерінің ректорлары – Франсуаза Сметс (Лувен католик университеті), Петра Де Суттер (Гент университеті) және Филипп Дюбуа (Монс университеті) қол қойды.
Лувен католик университетімен жасалған келісім студенттердің академиялық ұтқырлығын қамтамасыз етуді, оқытушылар алмасуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында тағылымдамадан өтуін қарастырады. Әріптестік Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасы аясында дамытылады.
Гент университетімен ынтымақтастық бірлескен білім беру бағдарламалары мен курстарын әзірлеуді, студенттер мен оқытушылар алмасуды, тағылымдамаларды ұйымдастыруды және ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтиды.
ЕҰУ мен Монс университеті академиялық және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, ғылыми жобаларды іске асыруға, сондай-ақ семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруға уағдаласты.
Қазақстан мен Бельгия ректорларының форумы Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті. Мәртебелі меймандар Қазақстан Республикасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2026 жылғы 11–14 қазанда мемлекеттік сапармен келді.
