
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов қоғам алдында жылдық есеп берді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов қоғам алдында жылдық есеп беріп, оқу орнының 2025–2026 оқу жылындағы жұмысының негізгі нәтижелерін таныстырды. Жылдық есеп – университеттің білім беру, ғылым, халықаралық байланыс, цифрландыру және әлеуметтік даму бағыттарындағы атқарған жұмысына жасалған ауқымды шолу.
Жиынға ғылыми кеңес мүшелері, білім алушылар мен ата-аналар, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Биыл Еуразия ұлттық университеті үшін айтулы жыл. Қарашаңырақтың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай есеп беру жиынында ЕҰУ-ға арналған мерейтойлық пошта маркасын айналымға енгізу рәсімі өтті. Салтанатты шараға университет ректоры Ерлан Сыдықов және «Қазпошта» АҚ пошта бизнесі жөніндегі операциялық директоры Бағлан Оразбай қатысты.
Естелік пошта маркасы төрт бояулы офсеттік баспа әдісімен әзірленіп, оған ультракүлгін бояумен қорғаныс элементтері мен ішінара лактау технологиясы қолданылған. Марка Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасында басып шығарылған.
– Бұл – жай ғана пошта маркасы емес, университеттің өткені мен бүгінін жалғап, келешекке деген сенімін айшықтайтын нышан, – деді Ерлан Сыдықов.
ЕҰУ-дың соңғы жылдардағы даму қарқыны халықаралық рейтингтерден де көрініс тауып отыр. Өткен оқу жылында университет 106 елдің 1501 жоғары оқу орны қамтылған QS әлемдік білім беру рейтингінде 338-орынға тұрақтады. Бұл – университеттің халықаралық білім кеңістігіндегі орнының нығая түскенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Мерейтой аясында халықаралық Лу Бань шеберханасы ашылды. Жаңа алаң тәжірибе алмасуға, заманауи технологияларды игеруге және университеттің инновациялық экожүйесін дамытуға мүмкіндік береді.
Ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды. Университетте атом және ядролық физика, астрономия, компьютерлік модельдеу, озық материалдар, мұнай-газ химиясы мен полимерлік материалдар, сондай-ақ құрылыс материалдары салалары бойынша жеті жаңа зертхана іске қосылды.
ЕҰУ-дың халықаралық білім беру кеңістігіндегі ықпалының артып келе жатқанына тағы бір мысал – Қытайдағы білім беру бағдарламаларының мойындалуы. Биыл Наньнин педагогикалық университетінде 270 қытайлық студент ЕҰУ әзірлеген «Биология», «Химия» және «Қолданбалы химия» білім беру бағдарламалары бойынша білім алуда. Бұл – Қытайда аккредиттеуден өткен алғашқы қазақстандық білім беру бағдарламалары.
Университеттің басты басымдықтарының бірі – ғылым. Бұл бағытта да ЕҰУ ғалымдарының жетістігі аз емес. 2026 жылы университеттің ғалымдары ең көп дәйексөз келтірілген зерттеушілердің ұлттық Top-50 рейтингісінде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Рейтингтің бірінші сатысында он үшінші жыл қатарынан ЕҰУ профессоры Ратбай Мырзақұлов тұр. Үшінші орынға Максим Здоровец, төртінші орынға Артем Козловский жайғасты. Жалпы ұлттық рейтингке университеттің 14 ғалымы енді.
Есепті кезеңде оқу орны тағы бір 354 орындық студенттер үйін салды.
Ғылыми жобалардың саны мен қаржыландыру көлемі де артқан. Университет 9,5 млрд теңге көлемінде 331 ғылыми жобаны жүзеге асырды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 15 жобаға және 360 млн теңгеге артық. Бір жылдың ішінде ғылыми зерттеулерге шетелдік 120 ғалым тартылды.
Еуразия ұлттық университеті бүгінде 21 ғылыми журнал шығарады. Соның екеуі әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған Web of Science деректер базасына енген.
Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мәселесіне де басымдық беріліп отыр. 2025 жылы ЕҰУ ғалымдарының әзірлемелерін өндіріске енгізуге қатысты 26 келісімшарт жасалды. Кәсіпорындар мен ұйымдардың тапсырысы бойынша 36 ғылыми жоба орындалды. Ал университет зерттеушілерінің патент саны 39-дан 63-ке дейін өсті.
Бүгінде ЕҰУ қабырғасында инновациялық өнім шығаратын 12 шағын өндіріс жұмыс істейді. Оның алтауы Ядролық технологиялар паркінің базасында орналасқан.
Ректор өз баяндамасында академиялық сапаға да ерекше тоқталды. Университеттің білім беру бағдарламалары ұлттық және халықаралық деңгейдегі рейтингтерде жоғары нәтижеге ие.
НААР рейтингіне енген 192 білім беру бағдарламасының 160-ы үздік үштіктен орын алды. Ал ЕҰУ-дың білім беру бағдарламаларының 75 пайызы «Атамекен» ұлттық рейтингісінің алғашқы үштігіне кірді. Есепті кезеңде 46 білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өтті. Қазіргі таңда университеттегі білім беру бағдарламаларының 98 пайызы аккредиттелген.
Жоғары оқу орнына талапкерлердің де сапалық көрсеткіші жоғары.
«2026 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бізге 4286 студент оқуға түсті. Олардың 955-і – «Алтын белгі» иегері. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 190 адамға көп. Қабылданғандардың қатарында аттестатты үздік аяқтаған 832 түлек және халықаралық әрі республикалық олимпиадалардың 13 жеңімпазы бар. Осылайша, әрбір үшінші студент ең дарынды түлектердің қатарынан», – деді Ерлан Сыдықов.
Студенттердің қоғамдық белсенділігі де артып келеді. Университетте жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталған студенттік өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасқан. Қазіргі таңда студенттік клубтардың саны 70-ке жетті. Әлеуметтік, қайырымдылық, экологиялық және инклюзивті жобаларға 2511 волонтер атсалысып жүр.
ЕҰУ-дың даму стратегиясында халықаралық ынтымақтастықтың орны айрықша. Бүгінде университет әлемнің 428 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан. Сонымен қатар 11 халықаралық қауымдастық пен 8 консорциумның мүшесі.
Оқу орны білім мен ғылымды дамыту мақсатында әлемнің жетекші университеттерінен 500-ге жуық шетелдік профессорды шақырған. Олардың қатарында Кембридж, Мичиган, Гранада және Турин университеттерінің ғалымдары бар.
ЕҰУ-дың халықаралық еңбек нарығындағы беделі де артып келеді. 2025 жылы университет QS рейтингінің «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіші бойынша әлемнің үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына енді. Бұл, ең алдымен, ЕҰУ түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысын аңғартады.
Білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация да назардан тыс қалған жоқ. Университет талапкерлердің құжаттарын электронды түрде қабылдау, жатақханаға онлайн орналасу, студенттік практикаға қажетті құжаттарды рәсімдеу, анықтамаларды онлайн алу және тапсыру, QR-код арқылы электронды сертификат алу сияқты бірқатар қызметті цифрлық форматқа көшірді.
Бұл өзгерістер оқытушылардың да жұмысын жеңілдетті. Олар силлабустарды электронды түрде әзірлеп, қол қоя алады, оқу жоспарлары мен есептерін цифрлық форматта жүргізіп, ғылыми жұмыстар тізімін онлайн бекітеді.
Білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша 100-ден астам пәннің енгізілуі де уақыт талабына сай қадам.
Жиында университеттің алдағы даму бағыты да айқындалды. Ерлан Сыдықов 2027–2029 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы әзірленіп жатқанын айтты.
«Үш жылдан кейін біз ЕҰУ-ды жаңа білім мен технологияларды қалыптастыратын, адами капиталды дамытатын және ел мен өңірдің тұрақты дамуына үлес қосатын жетекші зерттеу университеті ретінде көріп отырмыз», – деді ректор.
Ал 2026–2027 оқу жылына бірқатар маңызды міндет белгіленді. Атап айтқанда, халықаралық зерттеулер санын арттыру, ғылыми қызметті коммерцияландырудан түсетін кірісті көбейту, «ЕНУград» жобасын іске асыруды жалғастыру, университеттің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін жақсарту, білім беру бағдарламаларының экспортын кеңейту, жоғары оқу орындары арасында жасанды интеллектіні қолдану стандартын енгізу көзделіп отыр.
Жылдық есеп университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігін саралап қана қоймай, алдағы мақсат-міндеттерін де айқындаған маңызды жиын болды. Ректор есеп соңында аудитория сұрақтарына жауап беріп, проректорлар мен университет қызметкерлерінің алдына нақты міндеттер қойды.
Жиын барысында білім мен ғылым саласына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар қызметкер марапатталды. Сондай-ақ университет ғалымдары өздерінің инновациялық ғылыми әзірлемелерін таныстырды. Оқытушылардың ғылыми еңбектері мен зерттеулерінен құралған көрме ұйымдастырылып, оқу орнының ғылыми әлеуеті көпшілік назарына ұсынылды.
