
ЕҰУ студенттері Рахымжан Тұрысбекпен кездесті

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасы ұйымдастыруымен филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Рақымжан Тұрысбекпен «Кітап – қымбат қазына» атты тағылымы мол рухани кездесу өтті.
Кездесуді Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев қазақ руханиятының биік тұлғалары – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның және біртуар азамат Оралхан Бөкейдің туған күндерін еске алудан бастады. Ұлт әдебиетінің алыптары қалдырған мол мұра мен тағылымды шығармалар, олардың қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орны кеңінен қозғалды. Сонымен қатар, кітапхана басшысы кітапхана қызметкерлерінің еңбектерін, оқырмандар үшін жасалып жатқан жағдайларды тілге тиек ете отырып, оқырмандарды кітапханаға жиі келуге шақырды.
Кездесуді әрі қарай ғалым Рақымжан Тұрысбек кітаптың адам өміріндегі орны, оқырман мәдениеті, «жеке кітапхана қоры», «кітап зертханасы» сынды маңызды тақырыптармен жалғастырды. Кітапты жай ғана оқу емес, оны түсіну, зерттеу, ой елегінен өткізу, одан рухани азық алу мәселелеріне ерекше мән берілді. «Кітап қалай жазылады?» деген сауалға профессор Рақымжан Тұрысбек өзінің шығармашылық және ғылыми тәжірибесіне сүйене отырып, мазмұнды әрі тағылымды жауап берді. Ғалымның өмірлік тәжірибесі мен әдебиетке деген сүйіспеншілігі жас оқырмандарға ой салып, кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсті.
Кездесу барысында студенттер де белсенділік танытып, өз ойларын еркін ортаға салды. Әдебиет, ғылым, шығармашылық пен кітап оқу мәдениетіне қатысты ашық пікір алмасу кездесудің мазмұнын одан әрі байыта түсті.
