
ЕҰУ-да ұлағатты ұстаз Тілдәш Битуованың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық педагогикалық академиясының корреспондент мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Тілдәш Битуованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Дарынды балалар – еліміздің кемел болашағы» атты тағылымды іс-шара өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – 60 жылға жуық уақытын білім беру саласына және өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнаған Тілдәш Битуованың педагогикалық және қоғамдық қызметін дәріптеу, дарынды балаларды қолдау бағытындағы мол тәжірибесін насихаттау және кейінгі буынға өнеге ету.
Іс-шараға еліміздің білім беру саласына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен педагогтер, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының және «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығының басшылығы мен мамандары, сондай-ақ дарынды жастар қатысты.
Тілдәш Битуованың еңбек жолы қарапайым мектеп мұғалімінен білім беру жүйесінің басшысына дейінгі жауапты қызметтерді қамтиды. Ол «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметін атқарып, дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және олардың шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған жұмыстардың жүйеленуіне зор үлес қосты. Сонымен қатар «Қазақстандық жас патриоттар академиясының» төрағасы ретінде өскелең ұрпақтың азаматтық-патриоттық тәрбиесіне де айрықша мән берді.
Салтанатты жиын барысында мерейтой иесінің білім беру саласындағы 60 жылға жуық еңбегі, педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметі, дарынды балаларды қолдау жүйесін дамытуға қосқан орасан зор үлесі атап өтілді. Әр жылдары Тілдәш Битуовамен бірге қызмет атқарған әріптестері мен тәлімін алған шәкірттері естеліктерімен бөлісіп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.
