
ЕҰУ-да студенттердің тілдік дағдыларын дамытуға бағытталған жоба жүзеге асты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Qlang» компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шарада білім алушылардың тілдік даярлығын жетілдіру, цифрлық оқыту мүмкіндіктерін кеңейту және өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
2026 жылғы маусым–тамыз айларында ЕҰУ студенттері «Qlang» платформасы арқылы ағылшын тілін онлайн форматта меңгерді. Жоба қатысушылардың тілдік дағдыларын дамытуға, білімдерін жүйелеуге және ағылшын тілін күнделікті әрі кәсіби ортада қолдану тәжірибесін қалыптастыруға бағытталды.
Кездесу барысында ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай ағылшын тілін меңгерудің қазіргі білім беру кеңістігіндегі маңыздылығына тоқталды.
«Ағылшын тілін жетік білу студенттеріміздің халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуына, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыс орнатуына және болашақтағы кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуіне жол ашады. Бағдарлама қорытындысы бойынша Білім жоғары мектебінің 9 белсенді студенті анықталды. Бұл – студенттердің білім алуға деген қызығушылығы мен оқу үдерісіне белсенді қатысуының нәтижесі», – деді проректор.
Өз кезегінде «Qlang» компаниясының директоры Константин Орлов университетпен орнатылған ынтымақтастықтың нәтижелеріне тоқталды.
«Еуразия ұлттық университетімен әріптестік орнату біз үшін маңызды тәжірибе болды. Жоба барысында студенттер оқу үдерісіне тұрақты түрде қатысып, өз білімдерін арттыруға ұмтылыс танытты. Мұндай бірлескен жобалар цифрлық технологияларды білім беру саласында тиімді пайдалануға және жастардың тілдік құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта университетпен ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз», – деді ол.
Бағдарламаға қатысқан Білім жоғары мектебінің студенттері де өз пікірлерімен бөлісті.
«Университетіміздің студенттерге ағылшын тілін жетілдіруге бағытталған осындай мүмкіндік ұсынғанына ризамыз. Оқу барысында тілдік білімімізді толықтырып қана қоймай, ағылшын тілін күнделікті және кәсіби ортада қолдануға деген сенімімізді арттырдық. Осындай жобалардың студенттердің тілдік құзыреттілігін дамытуға және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалы зор деп есептеймін», – деді 4-курс студенті Амина Сұлтан.
Іс-шара соңында бағдарламаға белсенді қатысқан студенттерге жеке оқытушымен онлайн форматта 60 сабақ өтуге арналған сертификаттар табысталып, «Qlang» компаниясының имидждік өнімдері берілді.
