
ЕҰУ-дың 16 докторанты PhD дипломдарын алды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде PhD дипломдарын табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Биыл 16 докторант докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ғылыми жолының маңызды кезеңін аяқтады.
Салтанатты шараға Директорлар кеңесінің мүшелері, профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми жетекшілер, диссертациялық кеңес мүшелері және докторанттар қатысты.
Шараны университет ректоры Ерлан Сыдыков ашып, диплом иегерлерін ғылым жолындағы жаңа мәртебесімен құттықтады.
«Құрметті әріптестер! Осы уақытқа дейін сіздерді оқушылар, студенттер, зерттеушілер, талапкерлер деп атап келдік. Ал бүгіннен бастап сіздердің мәртебелеріңіз өзгерді. Ғылым докторы дәрежесін иеленіп, ғалымдар қатарын толықтырғаннан кейін сіздер – біздің әріптестерімізсіздер. Бұл, бір жағынан, үлкен атақ болса, екінші жағынан, үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді ректор.
Биыл университеттің 16 докторанты докторлық диссертацияларын қорғап, PhD докторлық дипломына ие болды. Олар саясаттану, информатика, аналитикалық экономика, экономика, әлеуметтану, туризм, аймақтану, филология, қазақ тілі мен әдебиеті және философия бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізді.
Дипломдарды табыстау рәсімінде Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай да ғалымдарға жылы лебізін білдірді.
«Ең алдымен, бүгінгі кештің басты кейіпкерлері – PhD докторларын осы айтулы жетістіктерімен құттықтаймын! Ғылым жолына қадам басуларыңыз – үлкен жауапкершілік. Бірқатарыңыз ғылыми ізденістеріңізбен көзге түсіп үлгердіңіздер, енді бірқатарыңыз бұл бағыттағы жұмыстарыңызды әрі қарай жалғастырасыздар. Ең бастысы, барлығыңыздың ғылымға жанашыр болып, оның дамуына өз үлестеріңізді қосуларыңызға тілектеспін», – деді Дархан Мыңбай.
Салтанатты рәсім барысында докторанттарға дипломдар табысталып, олардың ғылыми жетекшілеріне, профессор-оқытушылар құрамына және диссертациялық кеңес мүшелеріне жас ғалымдардың қалыптасуына қосқан үлесі мен еңбегі үшін алғыс білдірілді.
