
ЕҰУ KAZ Minerals IV Геологиялық 2026 форумының алаңына айналды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылым өкілдері мен тау-кен өндірісі саласының мамандарын біріктірген KAZ Minerals IV Геологиялық 2026 форумы өтті. Форумға қатысушылар заманауи технологияларды, өндірістік міндеттерді, сондай-ақ геология мен тау-кен ісін дамытудың перспективаларын талқылады.
Биылғы форумның басты тақырыбы – «Бірыңғай экожүйе: геологиялық барлаудан бастап өңдеуге дейін». Бұл тақырып тау-кен өнеркәсібін дамытудың заманауи тәсілін көрсетеді. Мұнда өндіріс тиімділігі әртүрлі бағыттар мен мамандардың өзара тығыз байланысына тікелей тәуелді.
Форумды ашқан ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев қазіргі таңда ең тиімді шешімдер геология, маркшейдерия, гидрогеология, геомеханика, тау-кен өндірісін жоспарлау, байыту және деректерді талдау сияқты түрлі пәндердің тоғысында қалыптасатынын атап өтті.
Форум барысында университет ғылымы мен экономиканың нақты секторы арасындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
«Университет үшін өндіріс өкілдерімен тікелей диалог орнатудың маңызы зор. Бұл саланың нақты технологиялық міндеттерін жақсырақ түсінуге, зерттеулердің өзекті бағыттарын қалыптастыруға және заманауи деректермен, цифрлық құралдармен әрі пәнаралық жобалармен жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті проректор.
Сонымен қатар индустриямен ынтымақтастық ғылыми қауымдастық үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл – жаңа тәсілдер мен технологияларды әзірлеуден бастап, өндірістік шешімдерге сараптамалық баға беруге және қолданбалы зерттеулер жүргізуге дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Форум аясында геологияның іргелі аспектілерінен бастап заманауи өндірістік шешімдерге дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтитын баяндамалар мен практикалық кейстер ұсынылды. Негізгі тақырыптардың қатарында цифрлық таргетинг, кернді құжаттандыру, геотехникалық тәуекелдер, қорларды бағалау, су ресурстарын мониторингілеу, кен ағынын басқару, Mine-to-Mill тұжырымдамасы және геометаллургия болды.
