
ЕҰУ-да «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы ашылды. Бұл – Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында осы бағыттағы алғашқы кафедра.
Жаңа кафедра ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың бастамасымен Тарих факультетінің базасында құрылды. Кафедраның қызметі Алтын Орданың тарихын, археологиясын, мәдениеті мен мұрасын жүйелі әрі кешенді түрде зерттеуге, сондай-ақ оның мемлекеттіліктің қалыптасуы мен Ұлы даланың өркениеттік мұрасындағы рөлін зерделеуге бағытталады.
Кафедраның ашылуына орай ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесу барысында ғылыми және білім беру қызметінің негізгі бағыттары айқындалып, зерттеу жұмыстарын жүргізу, академиялық жобаларды дамыту және Алтын Орда тарихы мен мәдени мұрасы бойынша мамандар даярлау перспективалары талқыланды.
Кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы болып тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбес тағайындалды. Ол – Қазақстанның ортағасырлық тарихы және Алтын Орда тарихы саласындағы белгілі маман.
Жаңа кафедраның құрылуы еліміздің қазіргі ғылыми-білім беру басымдықтары аясында айрықша маңызға ие. 2026 жылғы 19 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Алтын Орда мұрасын жүйелі әрі жан-жақты зерттеу қажеттігін атап өткен болатын.
«Біз – Алтын Орданың тікелей мұрагерлеріміз», – деп атап өткен Мемлекет басшысы осы кезеңнің тарихи мұрасын одан әрі зерттеудің маңыздылығына назар аударды.
ЕҰУ-да жаңа кафедраның ашылуы тарихшылар, археологтар, мәдениеттанушылар және басқа да сала мамандарының ғылыми әлеуетін шоғырландыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналады. Жаңа академиялық құрылымның Алтын Орданың тарихы мен өркениетін зерттеу саласындағы іргелі зерттеулерді дамытуға, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні күтіледі.
