
Әсемгүл Капенова ЕҰУ Экономика және туризм жоғары мектебінің директоры болып тағайындалды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың бұйрығымен Әсемгүл Капенова ЕҰУ Экономика және туризм жоғары мектебінің директоры қызметіне тағайындалды.
Әсемгүл Капенова – экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Ол Шәкәрім университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін, сондай-ақ Швейцариядағы Еуропалық университеттің Бизнес мектебін тәмамдаған.
Әсемгүл Капенованың кәсіби жолы жоғары білім беру, экономика және академиялық ұйымдарды дамыту салаларымен тығыз байланысты. Еңбек жолын Астанадағы Т. Рысқұлов атындағы Қарағанды экономикалық университеті филиалының (қазіргі Нархоз университеті) «Қаржы және несие» кафедрасында аға оқытушы қызметінен бастаған.
Кейін жоғары білім беру жүйесінде бірқатар басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Атап айтқанда, Maqsut Narikbayev University университетінің «Қаржы және несие» кафедрасының меңгерушісі, «Қаржы академиясы» АҚ-ның тәрбие жұмысы қызметінің басшысы, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің (Esil University) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің деканы қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ аталған университетте стратегиялық даму және халықаралық қызмет жөніндегі проректор қызметінде болды.
ЕҰУ-ға тағайындалғанға дейін Тұран-Астана университетінде корпоративтік даму және докторантура жөніндегі проректор қызметінде жұмыс істеді.
