
Gumilyov Journal of Sociology «Әлеуметтану ғылымдары» бағыты бойынша 1-тізіміне енгізілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Gumilyov Journal of Sociology ғылыми журналы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ғылыми қызмет нәтижелерін жариялау үшін ұсынатын «Әлеуметтану ғылымдары» бағыты бойынша ғылыми басылымдардың 1-тізіміне енгізілді.
Бұл - журналдың дамуындағы маңызды кезең әрі оның ғылыми деңгейі мен академиялық мәртебесінің артқанын көрсететін елеулі жетістік.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің 2024 жылғы 21 мамырдағы №481 бұйрығына сәйкес «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Педагогика. Психология. Әлеуметтану сериясы» журналы «Әлеуметтану» бағыты бойынша ғылыми басылымдардың 2-тізіміне енгізілген болатын.
Екі жылдан астам уақыттан кейін журнал жаңа маңызды нәтижеге қол жеткізді. 2026 жылғы 19 тамыздағы №619 бұйрыққа сәйкес басылым «Әлеуметтану ғылымдары» бағыты бойынша ғылыми басылымдардың 1-тізіміне енгізілді.
Осылайша, журнал қысқа мерзім ішінде «Әлеуметтану» бағыты бойынша 2-тізімнен «Әлеуметтану ғылымдары» бағыты бойынша 1-тізімге көтерілді. Бұл басылымның жүйелі түрде дамып келе жатқанын, жарияланатын ғылыми зерттеулер сапасының артқанын және журналдың ғылыми беделінің нығайғанын көрсетеді.
Журналдың тарихы 1995 жылдан бастау алады. Сол кезеңнен бастап басылым Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Педагогика. Психология. Әлеуметтану» сериясы аясында дамып келеді. 2025 жылдан бастап журнал көпжылдық ғылыми дәстүрдің сабақтастығын сақтай отырып, Gumilyov Journal of Sociology атауымен дербес ғылыми басылым ретінде жарық көруде.
Журнал қазіргі қоғамның өзекті мәселелеріне арналған түпнұсқа ғылыми зерттеулерді жариялайды. Басылымның ғылыми бағыттары әлеуметтік үдерістер мен өзгерістерді, әлеуметтік теңсіздікті, әлеуметтік институттар мен қатынастарды, демографиялық және отбасылық зерттеулерді, әлеуметтік мәселелерді, сондай-ақ әлеуметтану ғылымының басқа да бағыттарын қамтиды.
1-тізімге енуі журналдың одан әрі дамуына, ғылыми және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтану ғылымының халықаралық академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Gumilyov Journal of Sociology журналының редакциялық ұжымын осы айтулы жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз!
Журналға одан әрі даму, жаңа ғылыми белестер, жоғары дәйексөзделетін жарияланымдар, халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюі және әлемдік академиялық кеңістікте лайықты орын иеленуін тілейміз! Редакциялық ұжымға шығармашылық шабыт, кәсіби табыс және жаңа жетістіктер тілейміз!
