
ЕҰУ-дың «Cyber Saqshy» командасы SHAIQAS 2026 финалында өз әзірлемелерін таныстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Cyber Saqshy» командасы SHAIQAS 2026 алғашқы ұлттық әскери-инженерлік чемпионатының финалына қатысты. Финалдық жарыстар Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында өтті.
«Cyber Saqshy» іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Қазақстанның университеттері, инженерлік мектептері, технологиялық ұйымдары мен күштік құрылымдары атынан қатысқан 17 финалист команданың қатарына енді.
Чемпионат төрт бағытты қамтыды: ұшқышсыз авиациялық жүйелер, жерүсті робототехникасы, киберқауіпсіздік және тактикалық даярлық. Қатысушылар далалық жағдайда практикалық тапсырмаларды орындап, техникалық білімдерін, инженерлік жүйелерді басқару дағдыларын, жедел шешім қабылдау қабілетін және командалық үйлесімділігін көрсетті.
Финалға қатысу ЕҰУ өкілдеріне өз құзыреттері мен техникалық шешімдерін нақты инженерлік сынақ жағдайында тексеруге, еліміздің жетекші командаларымен тәжірибе алмасуға және әзірлемелерді одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
SHAIQAS 2026 чемпионатына қатысу ЕҰУ студенттерінің киберқауіпсіздік, робототехника және ұшқышсыз технологиялар салаларындағы практикалық даярлығын дамытудағы маңызды қадам болды. «Cyber Saqshy» командасы республикалық инженерлік чемпионаттың финалисі сертификатымен марапатталды.
