
ЕҰУ ғалымдары Германияда Солтүстік Қазақстан немістері туралы монографияны таныстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Арайлым Мұсағалиева және Филология факультетінің орыс филологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Роза Мұсабекова Германияның Нюрнберг қаласында өткен халықаралық симпозиумда «Солтүстік Қазақстан немістері» атты монографияны таныстырды.
Еңбек Қазақстанға немістердің жер аударылуының 85 жылдығына арналған «Қазақстан немістер тағдырында: жер аудару және күнделікті өмір» атты симпозиум аясында көпшілік назарына ұсынылды.
Монографияда Солтүстік Қазақстандағы неміс диаспорасының қалыптасу тарихы ХХ ғасырдың басындағы қоныс аударудан бастап, 1930–1940 жылдары Еділ бойынан және Кеңес Одағының басқа өңірлерінен күштеп көшірілуі мен жер аударылуына, сондай-ақ кейінгі арнайы қоныстардағы өміріне дейін жан-жақты қарастырылады.
Зерттеу орталық және өңірлік архивтердің ғылыми айналымға бұрын енгізілмеген құжаттарына, сондай-ақ алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп отырған мол көлемдегі ауызша, нарративтік және визуалды дереккөздерге негізделген.
Авторлар 1920–1930 жылдардағы Солтүстік Қазақстандағы неміс халқының мүлкін тәркілеу мен ұжымдастыру үдерістеріне, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі және соғыс жылдарындағы немістерді жер аударуға, сондай-ақ олардың арнайы қоныстардағы күнделікті тұрмысына ерекше назар аударған.
Монографияның жеке тарауында соғыстан кейінгі кезең және немістердің тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына қатысуы талданады. Әкімшілік қадағалаудан босатылғаннан кейінгі бұрынғы арнайы қоныстанушылардың өмірі олардың Солтүстік Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі тұрғысынан қарастырылады.
Кітап ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлеріне, жоғары оқу орындарының оқытушыларына, докторанттар мен магистранттарға, сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған.
Іс-шара Нюрнберг қаласындағы Ресейден шыққан немістердің Бавария мәдени орталығы (BKDR) мен Алматыдағы «DAZ» неміс газетінің ынтымақтастығымен ұйымдастырылды. Симпозиумда жер аударудың тарихи алғышарттары, арнайы қоныстардағы өмір сүру жағдайлары және оның Қазақстандағы неміс халқына ұзақ мерзімді әсері талқыланды.
Сонымен қатар, бұл жиын Германия мен Қазақстанның жетекші мамандары арасында ғылыми пікір алмасуға, жаңа зерттеу тәсілдерін талқылауға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.
Симпозиум аясында ЕҰУ ғалымдары «Архивтік дереккөздердегі Солтүстік Қазақстан немістері: арнайы қоныстар жағдайындағы күнделікті өмір мен өмір сүру стратегиялары» тақырыбында бірлескен баяндама жасады.
Архивтік тарихи дереккөздерге сүйене отырып, олар жер аударылған немістердің күнделікті өмірдің қиындықтарын еңсеру, мемлекеттік қуғын-сүргінге қарамастан өмір сүру және өз орнын сақтап қалу жолында қолданған стратегияларын көрсетті.
Монография таныстырылымынан кейін мазмұнды пікір алмасу мен модератор жүргізген панельдік пікірталас өтті. Академиялық көзқарастардың, архивтік құжаттардың және куәгерлер естеліктерінің тоғысуы депортация тарихы мен оның салдарын кешенді тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік берді.
