
ЕҰУ QS Best Student Cities 2027 рейтингіне енді

2027 жылғы 21 шілдеде халықаралық QS аналитикалық агенттігі жариялаған «QS Best Student Cities 2027» рейтингінде Қазақстан астанасының академиялық келбетін айқындайтын жоғары оқу орындарының қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) бар.
Рейтинг қорытындысына сәйкес, Қазақстанның астанасы бірден 8 сатыға көтеріліп, әлем бойынша 119-орынға жайғасты. Астананың академиялық әлеуетін қалыптастыратын жоғары оқу орындары қатарында Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ агротехникалық зерттеу университеті көрсетілген.
QS World University Rankings рейтингі бойынша әлемнің ТОП-350 университетінің қатарына кіретін Еуразия ұлттық университеті елорданың халықаралық академиялық беделін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
ЕҰУ-да білім алатын шетелдік студенттер санының артуы, халықаралық білім беру бағдарламаларының кеңеюі және әлемнің жетекші университеттерімен серіктестіктің дамуы Астананың білім беру хабы ретіндегі тартымдылығын арттыруға ықпал етуде.
Өмір сүру және оқу құнының қолжетімділігі көрсеткіші бойынша Астана әлемдегі студенттер үшін ең қолайлы 150 қаланың ішінде 9-орынға ие болып, үздік ондыққа енді. QS сарапшылары елорданың қалалық инфрақұрылымының дамуын, қауіпсіз ортасын, академиялық қызметтердің сапасын және түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің кеңеюін оның жоғары әлеуетінің басты факторлары ретінде атап өтті.
