
ЕҰУ-да Білім жоғары мектебінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табысталып, үздік магистранттар марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Білім жоғары мектебінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті.
Салтанатты рәсімге университет басшылығы, мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру саласының мамандары, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар және түлектер қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бітіруші түлектерге арналған бейнеқұттықтауы көрсетілді.
Өз құттықтауында министр диплом алу – үлкен жетістік қана емес, зор жауапкершілік екенін атап өтті.
«Алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсап, өз салаларыңыздың білікті маманы болуға, үнемі ізденіп, кәсіби тұрғыда дамуға шақырамын. Ендігі жерде әрқайсыңыз өз таңдауларыңыз бен болашақтарыңызға өздеріңіз жауаптысыздар. Баршаңызға алдағы еңбек жолында толағай табыс пен сәттілік тілеймін», – деді министр Саясат Нұрбек.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген университет басшылығы түлектерді маңызды белеспен құттықтап, олардың еліміздің білім беру жүйесі мен ғылымының дамуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Университет ректоры Ерлан Сыдықов түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтады. Ол диплом алу – әрбір жастың өміріндегі тарихи сәт екенін атап өтіп, бұл жетістікке жету жолында төгілген еңбек пен ізденістің жемісі екенін айтты.
«Ата-аналар, жанкүйерлер, әріптестерім, баршамыздың басымызды қосқан бүгінгі салтанатты шараның басты себепкерлері – біздің университеттің түлектері. Диплом алу – сіздердің өмірлеріңіздегі тарихи сәт. Осы айтулы күн құтты болсын!
Төрт жыл бойы білім алып, талмай еңбек еттіңіздер, талай сынақтан өттіңіздер. Кеше ғана университет табалдырығын аттаған талапкерлердің бүгінде елдің ертеңіне үлес қосатын білікті маман болып қалыптасқанына куә болып отырмыз.
Биыл сіздер жай ғана түлек емессіздер. Университетіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген ерекше түлектерсіздер. Бұл – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Жолдарыңыз әрдайым ашық, болашақтарыңыз жарқын болсын», – деді ректор Ерлан Сыдықов.
2026 жылы Білім жоғары мектебін 481 түлек аяқтады. Оның ішінде 465-і – бакалавр, 16-сы – магистр. Үздік дипломмен 130 бакалавр бітірді, сондай-ақ ғылыми және қоғамдық қызметте үздік нәтиже көрсеткен 5 магистрант ерекше марапатталды.
Сондай-ақ әскери кафедраны табысты аяқтаған түлектерге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес «лейтенант» әскери атағы табысталды.
Дене шынықтыру және спорт, футбол жаттықтырушысы, педагогика және психология, мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту, әлеуметтік педагогика, сондай-ақ «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламалары бойынша білім алған түлектерге дипломдарын салтанатты түрде белгілі сала мамандары мен құрметті қонақтар табыстады.
Салтанатты рәсім аясында магистратура бағдарламаларын тәмамдаған түлектерге де дипломдар табысталып, ғылыми-зерттеу қызметінде ерекше жетістіктерге жеткен үздік магистранттар да марапатталды.
Өз кезегінде университеттің үздік түлегі, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Санжар Тәшкенбай диплом мен Алғыс хатты ректор қолынан алып, бітіруші түлектерге ақжарма тілегін арнады.
«Диплом алу – әрбір жастың өміріндегі ең маңызды белестердің бірі. Бүгінгі жетістік – көп жылғы еңбектің, табандылық пен ізденістің жемісі. Енді алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсап, өз салаларыңыздың білікті маманы боласыздар деп сенемін. Баршаңызға жарқын болашақ, толағай табыс пен биік белестер тілеймін», – деді Санжар Тәшкенбай.
Салтанатты шараның көркін Астана қаласындағы аэробтық гимнастика мектебінің «Планета спорта» тәрбиеленушілері орындаған «Қозғалыс ырғағында» атты әсерлі хореографиялық қойылым айшықтай түсті. Көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған өнер көрсетілімі мерекелік кештің сәнін келтірді.
Диплом табыстау рәсімі түлектерге ақ жол тілеп, естелік суретке түсумен қорытындыланды.
