
ЕҰУ-да «Жасыл энергетика технологиялары» магистрлік білім беру бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табысталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті еліміздің дамуына еңбек ететін жас мамандар қатарын толықтыруда. Бүгін Көлік-энергетика факультетінде бакалавриат және магистратура түлектеріне диплом табыстау рәсімі салтанатты түрде өтті.
Мерекелік шараға университет басшылығы, Директорлар кеңесінің төрағасы және мүшелері, факультет деканы, кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушылар құрамы, жұмыс берушілер, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.
Салтанатты жиынды Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай ашып, бітіруші түлектерді құттықтады. Ол өз сөзінде білім мен еңбекті серік еткен жас мамандардың болашағы әрқашан жарқын әрі университетте алған тәжірибелері мен білімдері үлкен жетістіктерге жетелейтініне сенім білдірді.
«Әр нәрсенің дер кезінде болғаны жақсы. Сіздер бүгін еліміз үшін дер кезінде аса қажет мамандық бойынша диплом алып жатырсыздар.Ертең энергетика, көлік, темір жол саласында еңбек ететін боласыздар.Еңбектеріңіз жанып, жолдарыңыз ашық болсын!», - деді Директорлар кеңесінің төрағасы.
Сондай-ақ, университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Ерлан Сыдықов Директорлар кеңесінің мүшесі Әділхан Картайұлы, Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов, Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қоқаев және өндіріс саласының жетекші өкілдері жас мамандарға ізгі тілектерін арнады.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – «Жасыл энергетика технологиялары» магистрлік білім беру бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табысталуы болды. ENI Corporate University және Plenitude Kazakhstan компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл халықаралық бағдарлама жаңартылатын энергетика саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.
«Құрметті түлектер! Бүгін сіздер өмірлеріңіздегі маңызды белесті бағындырып отырсыздар. Еуразия ұлттық университетінде алған білімдеріңіз кәсіби жолдарыңыздың берік негізіне айналып, ел игілігіне қызмет етсін.
Биыл біз «Жасыл энергетика технологиялары» білім беру бағдарламасының алғашқы магистрлерін ерекше мақтанышпен құттықтаймыз. Сіздер халықаралық деңгейде білім алып, жаңартылатын энергетика саласында білікті маман ретінде қалыптастыңдар. Бұл жетістік – магистранттардың, оқытушылардың және халықаралық серіктестердің бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Алдағы уақытта алған білімдеріңізді еліміздің энергетика саласын дамытуға бағыттап, жаңа жетістіктерге жетеді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, кәсіби табыс және жарқын болашақ тілеймін», - деді ректор Ерлан Сыдықов.
Шара барысында әскери кафедраны аяқтаған түлектерге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бұйрығына сәйкес «Лейтенант» әскери атағы табысталды.
Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қоқаев барлық түлектерді маңызды белеспен құттықтап, кәсіби қызметтеріне табыс, тың жетістіктер және жарқын болашақ тіледі.
Биыл факультет бойынша «Электр энергетикасы», «Жылуэнергетика», «Көлік инженериясы», «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру», «Логистика», «Стандарттау және сертификаттау», «Метрология» білім беру бағдарламаларының түлектері диплом алды. Бірқатар студенттер оқуын үздік аяқтап, қызыл диплом иегері атанды.
«Бүгін факультетіміз үшін ерекше күн. Сіздер алған білімдеріңізді ел дамуына бағыттап, кәсіби ортада жоғары нәтижелерге жетеді деп сенемін. Факультетіміздің абыройын асқақтатып, әрдайым биіктерден көрініңіздер!», - деді факультет деканы Өміржан Қоқаев.
Салтанатты рәсім аясында университеттің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, түлектерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар қатысушыларға ENU Endowment қоры мен «Tulek» түлектер қауымдастығының қызметі таныстырылды.
