
ЕҰУ Ғылыми кітапханасында Қуаныш Жиенбаймен әдеби кездесу өтті

Ғылыми кітапханада Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» бастамасын қолдау мақсатында «Бір ай – бір кітап» жобасы аясында әдеби кездесу өтті. Басқосу қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері, жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты шығармасын талқылауға арналды.
Кездесу Ғылыми кітапхана маманы Арманбек Жакейханның әнімен ашылды. Бұдан әрі роман авторы Қуаныш Жиенбай сөз алып, студенттерге романның жазылу тарихы, негізгі идеялық желісі мен көркемдік ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді.
Әдеби кештің модераторы – филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек өз сөзінде жазушы Қуаныш Жиенбай шығармашылығының қазақ прозасындағы орнын жан-жақты саралап, «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» романының идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшеліктеріне терең әдеби талдау жасады.
Роман оқиғасы Арал өңіріндегі Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан шағын теміржол бекеті - Аралқұм маңында өрбиді. Шығармада қарапайым еңбек адамдарының тағдыры, уақыт ағымымен өзгерген қоғамдық құндылықтар және адам өміріндегі күрделі кезеңдер шынайы бейнеленген.
Басқосу барысында қазақ әдебиеті кафедрасының педагогы, әдебиеттанушы, PhD докторы Жанбота Кәріпбай сөз сөйлеп, қонаққа алғысын білдірді. Оның жетекшілігімен роман бойынша эссе жазған студенттер өз жұмыстарын таныстырып, шығармада көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Әсіресе роман атауының символикалық мәні, кейіпкерлер тағдыры, адам мен қоғам арасындағы байланыс және Арал өңірінің экологиялық ахуалы қызу талқыланды.
Кеш аясында қатысушылар жазушы шығармаларының кітап көрмесімен танысты. Кездесу соңында автор өз кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартып, оқырмандарға ізгі тілегін жеткізді.
Аталған кездесу студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетті тереңірек тануға мүмкіндік берді.
