
ЕҰУ-дың Физика-техникалық ғылымдар институтының 426 түлегі оқуын аяқтады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Физика-техникалық ғылымдар институты түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Мерекелік шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.
2026 жылы институттың 426 түлегі жоғары білім туралы дипломға ие болды. Оның ішінде 318 түлек бакалавриат бағдарламасын, ал 108 түлек магистратура бағдарламасын тәмамдады. Жас мамандар «Техникалық физика», «Жалпы және теориялық физика», «Ғарыш техникасы және технологиялары», «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар», сондай-ақ «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» білім беру бағдарламалары бойынша білім алды.
Түлектерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтаған ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов бұл күннің студенттер үшін де, биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған университет үшін де ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Бүгін сіздер өмірлеріңіздің маңызды бір кезеңін аяқтап, кәсіби жолдарыңыздың жаңа белесіне қадам басып отырсыздар. Университеттің мерейтойлық жылында алған дипломдарыңыз – білімге деген ұмтылыстарыңыздың, табандылықтарыңыз бен қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Алдағы уақытта өз әлеуеттеріңізді толық жүзеге асырып, ғылым мен технологияның, сондай-ақ еліміздің дамуына лайықты үлес қосады деп сенемін», - деді ректор.
Түлектер атынан «Физика мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының түлегі Айзада Амангелді сөз сөйлеп, оқытушыларға, ата-аналарға және университет басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Бүгінгі күн - көп жылғы еңбегіміздің нәтижесі. Университет қабырғасында біз тек кәсіби білім алып қана қоймай, өмірлік тәжірибе жинақтап, тұлға ретінде қалыптастық. Бізге бағыт-бағдар берген ұстаздарымызға, әрдайым қолдау көрсеткен ата-аналарымызға және университет басшылығына шынайы ризашылығымызды білдіреміз. ЕҰУ түлегі деген мәртебені абыроймен алып жүріп, алған білімімізді ел игілігі жолында жұмсауға дайынбыз», – деді ол.
Салтанатты рәсім барысында әскери кафедрада білім алған түлектерге ерекше назар аударылды. Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасын сәтті аяқтаған білім алушыларға «лейтенант» әскери атағы берілді. Погон тапсыру рәсімін Әскери кафедраның басшысы Еділ Оразов өткізді.
Іс-шара соңында оқу үлгерімі жоғары және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан түлектер марапатталды. Сонымен қатар, балаларының білім алу жолында әрдайым қолдау көрсеткен ата-аналарға да ерекше алғыс айтылды.
