
ЕҰУ-да күміс жастағы азаматтарға арналған «English for Seniors» оқу-әдістемелік кешендерінің таныстырылымы өтті

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты филология факультетімен бірлесіп, аға буын азаматтарына арналған «English for Seniors» ағылшын тілі оқу құралдары мен Күміс университеттер оқытушыларына арналған әдістемелік материалдардың таныстырылымын өткізді.
Ұсынылған басылымдардың авторлары – филология ғылымдарының кандидаты, Филология факультетінің шетел филологиясы кафедрасының профессоры Гүлнар Исмагулова және шетел филологиясы кафедрасының докторанты, Қазақ ұлттық спорт университетінің сеньор-лекторы Айгүл Үйсінбаева.
Кездесу барысында авторлар қатысушыларды оқу және әдістемелік құралдардың мазмұнымен таныстырып, оларды әзірлеу кезінде егде жастағы адамдардың білім беру қажеттіліктерін ескеру ерекшеліктері туралы баяндады. Сонымен қатар Күміс университеттер қызметі аясында ағылшын тілін оқытудың заманауи тәсілдерін таныстырды.
Филология факультетінің шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі Перизат Балхимбекова 2021 жылдан бері факультет оқытушыларының қайырымдылық негізде ағылшын тілін оқыту бойынша төрт топта сабақ өткізіп келе жатқанын атап өтті. Оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде білім алатын бастаушы және жалғастырушы деңгейдегі тыңдаушылар бар. Бұдан бөлек, жазғы кезеңде Speaking Club жұмысы аясында тіл иелерімен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл тәжірибе тыңдаушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға және тілдік құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді.
Әзірленген оқу құралдары базалық коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға, цифрлық сауаттылықты дамытуға, когнитивтік бұзылыстардың алдын алуға, сондай-ақ әлеуметтік белсенділік, өзін-өзі дамыту және заманауи ақпараттық-коммуникациялық кеңістікке бейімделу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Оқу-әдістемелік кешендердің әрқайсысы 10 бөлімнен (юниттен) тұрады және әр бөлімде тақырыптық тұрғыда топтастырылған лексикалық әрі грамматикалық материалдар қамтылған. Сонымен қатар күміс жастағы азаматтарды оқыту барысында ерекше қиындық туғызатын грамматикалық тақырыптарға жан-жақты түсініктемелер берілген.
Оқу-әдістемелік кешендер әр бөлімге арналған мәтіндермен және меңгерілген білімді тексеруге бағытталған тапсырмалармен толықтырылған. Бұл тапсырмалар топтардың дайындық деңгейі мен ерекшеліктеріне сәйкес әзірленген. Құралдардың практикалық бағыттылығын ескере отырып, авторлар орыс тілінде білім алатын егде жастағы тыңдаушылардың қабылдау мүмкіндіктеріне сай келетін тақырыптарды енгізген.
«English for Seniors» (A1–A2 деңгейлері) оқу-әдістемелік кешендері оқу әдебиеттерін әзірлеуге қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді және егде жастағы білім алушылардың білімді тиімді меңгеруіне арналған әртүрлі әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген.
Іс-шара барысында белсенді ұзақ өмір сүруді қолдауға, тілдік құзыреттерді дамытуға және үздіксіз білім беру қағидаттарын іске асыруға бағытталған жаңа білім беру ресурстарына ерекше назар аударылды. Әзірленген материалдарды пайдалану Күміс университеттердің білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге, ағылшын тілін оқыту сапасын арттыруға және аға буын азаматтарына арналған тілдік даярлау бағдарламаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Іс-шараға қатысушылар ұсынылған басылымдарға үлкен қызығушылық танытып, олардың практикалық маңыздылығын, қолжетімділігін және өзектілігін жоғары бағалады. Таныстырылым тәжірибе алмасуға, ересектерді оқытудың заманауи тәсілдерін талқылауға және аға буын өкілдеріне арналған білім беру бастамаларын дамытудың жаңа бағыттарын айқындауға арналған тиімді алаңға айналды.
Барлық жастағы азаматтар үшін қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім беру ортасын қалыптастыру, тұлғалық дамуды қолдау, құзыреттерді жетілдіру және өмір сапасын арттыру Үздіксіз білім беру институты қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осындай жобаларды жүзеге асыру өмір бойы білім алу мәдениетін нығайтуға, аға буын азаматтарының өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына ықпал етеді.
